Қазақстанда азот тотығын анықтайтын жаңа сараптама әдістемесі әзірленді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда денсаулыққа қауіпті азот тотығының заңсыз айналымына қарсы бақылау күшейтіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтилесов мәлім етті. 

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап азот тотығын заңсыз сақтау, тасымалдау және өткізу әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.

– Азот тотығы уақытша эйфория бергенімен, адам денсаулығына өте қауіпті. Ол гипоксияға, жүйке жүйесінің бұзылуына және тіпті өлімге алып келуі мүмкін, - деді спикер.

Бақытжан Байтилесовтың сөзінше, қазіргі уақытта азот тотығын анықтаудың негізгі тәсілдері әзірленген. Негізгі мақсат – заттың құрамын нақты анықтап, зерттеу нәтижесінің дәлдігін қамтамасыз ету.

– Қазіргі таңда әдістеме жобасы аяқталып, аумақтық бөлімшелерді қажетті жабдықтар жиынтығымен жарақтандыру мәселесі шешіліп жатыр. Сонымен қатар сарапшыларды даярлау және қолданыстағы тізбеге мамандықтың жаңа түрлерін енгізу мәселесі пысықталуда, - деді ол.

Айта кетейік, Шымкент қаласында «ойын-сауыққа арналған газ» сатумен айналысқан 10 мекеме иесі жауапқа тартылып, 400-ден астам баллон азот тотығы тәркіленді.