Қазақстанда азық-түлік бағасының өзгеруіне еш негіз жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда азық-түлік бағасының өзгеруіне еш негіз жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазАгроИнновация» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Әзімхан Сатыбалдин айтты.

«Бізді не күтіп тұр деген мәселеге тоқталатын болсам, ең алдымен бюджет жүйесіне мол қаржы ресурстары құйылады. Соның әсерінен біздің тауар өндірушілеріміз қолдауға ие болады. Экономикалық тұрғыда алып қарағанда біздер бірінші кезекте өндірісімізді қамтамасыз етеміз. Ал бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Ақша қаражатының құйылуы жаңа бағдарламаларға жол ашады», - деді ол.

Ә.Сатыбалдин елімізде азық-түлік қоры мол екендігін айта келе іс жүзінде қандай да бір өзгерістердің орын алуына еш негіз жоқтығын атап өтті.

«Біз астықтың ірі экпорттаушысымыз. Ет экспортында да әлемдік нарыққа шыға бастадық. Басқа да азық-түлік түрлерін әлемдік нарыққа шығарып, негізгі өндіруші бола аламыз. Менің ойымша, кейбіреулер айтып жүргендей азық-түлік бағасының өсуіне еш негіз жоқ», - деді Ә.Сатыбалдин.