Қазақстанда азық-түлік өңдеу хабын құруға болады - Р.Доббс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан азық-түлік өнімдерін жеткізуші ел ретінде дами алады. Бұл туралы бүгін Астана экономикалық форумында McKinsey Global Institute директоры Ричард Доббс мәлім етті.

«Азияда орта тап өкілдерінің саны артуы туралы айтқан кезде, біз мұнай бұрғыларынан гөрі өзге өнімдерге деген сұраныстың артатындығын аңғарамыз. Яғни тамақ өнеркәсібінің өнімдеріне деген сұраныс арта түседі. Мұнайдың бағасы әрдайым секіріп тұрады. Ол анық. Қазақстан үшін, меніңше, азық-түлік, тамақ өнеркәсібі аса маңызды, оның үстіне бұл ел астықтың мол қорын өсіреді. Қазақстан азық-түлік өнімдерін жеткізуші ел ретінде өзін таныта алады. Менің ойымша, осы саладағы компанияларды, инвесторларды тарту қажет. Өңдеу бойынша хаб құрайық. Жай астықты сатқанша, құс етін неге өсірмейміз?! Бұл көрші мемлекеттердің сұранысына ие болар еді», - дейді ол.

Р.Доббстың атап өткеніндей, азық-түлік саласы алдағы болашақта үлкен сұранысқа ие болады.

«Сіздер сол арқылы алдағы 5-7 жылға өсімді қамтамасыз етер едіңіздер. Бұл жұмыс бірнеше жылдарға созылатыны сөзсіз, бірақ сіздер белгілі бір уақыт ішінде жеткізу арналарын тауып ала аласыздар», - деді ол.