Қазақстанда азық-түлік сауда үстемесі 200 пайыздан асқан деректер тіркелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда азық-түлік сауда үстемесі 200 пайыздан асқан деректер тіркелді. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі отырысында еліміздің Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев айтты.

«Сауда үстемесі 200 пайыздан жоғары асқан жағдайлар анықталды. Мәселен, республика бойынша орташа есеппен баға айырымының мәні вермишель бойынша  172 %-ды, түтік кеспе бойынша  170 %-ды, кеспе бойынша  102 %-ды, ұнтақ жармасы бойынша  123 %-ды, арпа жармасы бойынша  147 %-ды, сөк бойынша  175 %-ды, күріш бойынша  116 %-ды, сұлы бойынша  233 %-ды, картоп бойынша  102 %-ды, сәбіз бойынша  130 %-ды, басты пияз бойынша  154 %-ды, қызылша бойынша  140 %-ды құрайды», - деді министр.

Оның айтуынша, министрлік әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу  мақсатында жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, монополияға қарсы орган ағымдағы жылда 27 тексеріс жүргізген. Оның ішінде 12-сі аяқталса, 15-і  өндірісте. Аяқталған 3 тексерістің қорытындылары бойынша нарық субъектілерінің ымыраласу фактілері тоқтатылды. Тексерістер жүргізу барысында Павлодар облысындағы қарақұмық жармасының бағасын 182-ден 196 теңгеге дейін негізсіз өсуіне қатысты фактілер бойынша тиісті ұйғарым мен айыппұл енгізілген. Қазіргі уақытта қабылданған шаралар бойынша сот тәртібінде шағым жүргізіліп жатыр.

«Монополияға қарсы органмен 2016 жылғы шілдеде Астана, Алматы қалаларында,  Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар облыстарында  қанттың қатты қымбаттауы және тауардың тапшы болу фактісі бойынша 10 тексеріс жүргізіліп жатыр. Батыс Қазақстан облысы субъектілерінің іс-әрекеттерінде ұн мен қарақұмық жармасының бағасы алып-сату арқылы өскені байқалды. Аталған факті бойынша 2 тексеріс басталды. Монополиялық кірістерді ескере отырып, тексерістер қорытындысы бойынша монополияға қарсы органмен ұсынылған материалдық санкциясының жалпы сомасы 23 млн. теңгені құрады, оның ішінде қазіргі уақытта мемлекеттік бюджетке 12 млн. теңге түсті», - деді ол.