Қазақстанда азық-түлікті экспорттауға салынған шектеулер алынады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 1 маусымнан бастап азық-түлік тауарларын экспорттауға қойылған шектеулер мен квоталарды тоқтатады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шектеулер мен квоталар төтенше жағдай кезінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілген еді. Қазіргі уақытта төтенше жағдай алынып, еліміз азық-түлікпен толық қамтамасыз етілген соң министрлік 1 маусымнан бастап шектеулердің күшін жоюды жоспарлап отыр. Тиісті бұйрық мақұлданып жатыр», - деді С. Омаров Үкімет үйінде өткен брифингте.

Бұған дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі төтенше жағдай кезінде бірқатар ауыл шаруашылығы өнімдерін квота бойынша экспорттауға рұқсат беріп, кей азық-түлік тауарларын елден шығаруға тыйым салған еді.