Қазақстанда Балалар құқықтарын қорғайтын уәкіл енгізу қажеттігі туындауда

АНА. 1 маусым. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Соңғы жылдары Қазақстанда балалар құқықтарын қорғау саласында біраз жұмыстар атқарылды

Бүгінде еліміз осы саладағы бірнеше халықарлық конвенцияларға қосылып, балалар құқықтарын қорғау саласында Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы комитетіне үнемі есеп беріп отырады. Үкімет жанында кәмелетке толмаған балалар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі мекемеаралық комиссия жұмыс істеуде. Ол өз кезегінде ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты комитет пен департаменттердің жұмысын үйлестіріп отырады. Дейтұрғанмен, шетелдік сарапшылар Қазақстанның осы саладағы еңбегіне басқаша баға беріп отыр.

Жақында ЮНИСЕФ-тің халықаралық кеңесшісі Робин Хаарр ханым «Сандж» зерттеу орталығы өткізген сауалнаманың нәтижесін жария етті. Еліміздегі балалар құқықтарын сақтау саласындағы хал-ахуалды айқындаған бұл зерттеу мемлекеттік мекемелерде тәрбие алып жатқан балалардың құқықтары жиі бұзылатындығын көрсетті. Атап айтқанда, зерттеуге қатысқан 9-8 жасар 1 мыңға жуық балалардың 50 пайызы мазақтап-басыну, намысқа тию, психологиялық және физиологиялық зорлық көрсету сияқты әрекеттерге кәу болғандығын жеткізді. Балалар арасындағы жарақат салу көрсеткіші 13-14 пайыз болса, мекеме қызметкерлері тарапынан қол жұмсау фактілерінің саны 35-41 пайызды құрап отыр. Жас жеткіншектер мекеме қызметкерлерімен сөзге келмеуге тырысады, бірақ олай болған жағдайда өздерін қорғап, барынша қарсылық көрсетеді. Сауалнамаға сәйкес, қызметкерлер балаларға тиісті деңгейде қарамайды. Олардың тәрбиеленушілерге немқұрайды қарау көрсеткіші 21-26 пайызды құрады. Осының салдарынан балалар интернаттан жиі қашып кетіп отырады. Дегенмен, сауалнамаға қатысқандардың 89 пайызға жуығы мемлекеттік мекемелерді қауіпсіз орындар ретінде қарастыруда. Олардың тек 6-4 пайызы ғана өз құрдастары мен мекеме қызметкерлерінен қорқады екен.

Шыны керек, соңғы кездері елімізде балалар арасында өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары жиілеп барады. ҚР Білім және ғылым министрлігі 2009 жылы балалар арасында 264 суицид оқиғасының орын алып, 2010 жылда бұл көрсеткіштің 256-ға төмендегенін мәлімдеп отыр. Ал ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитеттің ресми ақпараты бойынша 2010 жылдың тек 9 айында ғана республикада өз-өзіне қол жұмсаудың 2 мың 359 оқиғасы орын алды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы таратқан мәліметке сәйкес, өткен жылы суицидтің саны жағынан Қазақстан үшінші орында болды. Осыны ескерген Үкімет жастар арасындағы суицидті алдын алу мақсатында еліміздегі барлық құзіретті министрліктердің 2011 жылға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті.

Мамандардың айтуы бобйынша, балалардың өз-өзіне жарақат салу әрекеті 7 жаста байқалады. Ондай жағымсыз мінез 12-15 жаста да көрініп, бірнеше аптаға, бірнеше айға, тіпті бірнеше айға созылуы әбден мүмкін. Мемлекеттік мекемелерде тәрбие алып жүрген балалар осындай әрекеттерге жиі барады. «Сандж» зерттеу орталығының сауалнамасы көрсеткендей, жасөспірімдердің 8-12 пайызы бақытсыздыққа ұрынғандығынан өз-өзіне жарақат салады.

ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі комитеттің төрайымы Раиса Шер сауалнама нәтижесімен келіспейтіндігін мәлімдеді. «Мұндай мәліметтер, әрине, бірқатар проблемалардың бар екендігін көрсетіп отыр. Бірақ сауалнамада көрсетіліп отырған үрейлі жағдайлар барлық жерлерде орын алады деп түсіну әбестік болар. Бұл кәдімгі балаларды жоюмен бірдей болды ғой. Әрине, жасөспірімдерге отбасыдан артық ештеңе жоқ. Бірақ ата-анасының асырауынсыз қалған оларды біз тек балалар үйіне ғана бере аламыз. Сондықтан ол жерде балаға жақсы бола ма деп біз оның өзінен сұрай алмаймыз. Сөз жоқ, қазіргі кезде отбасылық тәрбие берудің баламалы әдістерін дамыту қажет. Бұл жолда біз тиісті жұмыстарды атқарып келеміз. Бізде патронат, отбасы үлгісіндегі білім беру ошақтары, балалар қалашықтары және шағын балалар үйлері бар. Қазақстан осы бағытта үнемі жұмыс істеп келеді. Әрине, осы салада кемшіліктер жоқ емес», - дейді Р.Шер.

ҚР Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың жетекшісі Николай Калюжный еліміздегі балалар құқықтарын қорғау саласындағы жағдайды қанағаттанарлық деп бағалап отыр. «Меніңше, бүгінгі таңда Қазақстанда балалар құқықтарын қорғау саласындағы қажетті заңнама және тиісті мекемелер бар. Біз балалар құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық конвенцияларға қосылып, Біріккен ұлттар ұйымының арнайы комитетіне үнемі есеп беріп отырамыз. Сондықтан еліміздегі балалар құқықтарын сақтау саласындағы жағдайды қанағаттанарлық деп бағалауға болады», - дейді Н.Калюжный. Оған қарамастан, елімізде Балалар құқықтары жөніндегі уәкілді енгізу мәселесі көтеріліп, кеңінен талқылануда. «Осы мәселеге қатысты біздің ұстанымымыз былай: Балалар құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметі ұлттық құқық қорғау мекемесі аясында енгізілуі тиіс, яғни Қазақстан Республикасы Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің орынбасары болуы қажет. Сонда ғана осы саладағы жұмыс күшейіп, барлық азаматтардың құқықтарын қорғаудың нақты жүйесі қалыптасады», - деп атап көрсетті Н.Калюжный.