Қазақстанда балалар лагеріне жолдама құны қанша

Коллаж: Kazinform/ Freepik

Жеке және мемлекеттік лагерьге жолдама құны елімізде 350 мың теңгеге дейін жетті. Кей өңірде мемлекеттік лагерьлерде демалу тегін, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.  

Жазғы демалыс кезінде мектеп жанындағы лагерьлер де жұмыс істейді. Ата-аналар тек баланың тамағына ақы төлейді. Лагерьдің бір маусымы 15 күнге созылады. Тек қосымша шығынға дайын болған абзал. Күн сайын музейге, кинотеатрға және өзге де шараларға ақша сұрауы мүмкін.

Шолу кезінде қала сыртындағы лагерьлерде тынығу, демалысты қызықты өткізу құнын білдік. Лагерьлер қала сыртында орналасқан. Демалыс 10 күнге созылады. Дегенмен кейбір лагерьде экскурсия ақылы болып тұр. Бұл туралы лагерьге бармас бұрын сұрап білген абзал.

Еліміз бойынша ең арзан жолдама Қарағанды облысында сатылады. Мұнда баға – 15 000 мен 75 000 теңге аралығында. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына жолдама тегін беріледі. Ал жеке лагерьлер Qarmet корпорациясының қолдауына ие.

Одан кейінгі орында Қостанай облысы тұр. Мұнда жолдама құны 18 мың теңгеден басталады. Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында баға – 25 000 теңге және одан жоғары.

Солтүстік Қазақстан облысында жолдама құны – 35 000 - 60 000 теңге аралығында. Павлодарда баға 36 000 теңгеден басталып, 125 000 теңгеге дейін жетті. Баянауыл ауданындағы сауықтыру орталығының құны өзгелерге қарағанда жоғары.

Коллаж: Kazinform

Ақмола мен Қызылорда облыстарында ең арзан жолдама құны 40 000 теңгеден басталады. Кейбір өңірде балаларды лагерьге тасымалдау үшін қосымша ақы сұрайды.

Шығыс Қазақстан облысында баға – 45 000-132 000 теңге аралығында. Алматы облысында 50 000 теңгеден басталып, 350 000 теңгеге жетті. Бұл еліміз бойынша рекордтық көрсеткіш. Лагерь табиғаты әсем жерде орналасқан әрі тіл үйретуге бағытталған.

Қай өңірде қымбат

Түркістан облысында жолдама құны – 60 000-100 000 теңге. Жамбыл облысында орта есеппен – 63 000 теңге. Ақтөбеде лагерь жолдамасы орта есеппен – 70 000 теңге. Мұнда қала сыртында мемлекеттік лагерь жоқ, бұл қызметті тек жеке кәсіпкерлер көрсетеді. Ал мұнайшылардың балалары лагерьде тегін демалады. Өзге өңірлердегі ірі компаниялар да балалардың жазғы демалысын тегін ұйымдастырып беріп жүр.

Екінші орында – Абай облысы. Мұндағы жолдама құны – 75 000 – 100 000 теңге. Ең қымбаты – Маңғыстау облысындағы жолдама. Мұндағы баға – 150 000 – 180 000 теңге.

Ұлытау облысының жайы бөлек

Облыста жеке лагерь жоқ. Алайда Қазақмыс балаларға өзге өңірлердегі лагерьлердің жолдамасын алып береді.

Бұған дейін мектеп бітіру кешіне кетер шығын туралы жазған едік.