Елімізде балалар семіздігі қай өңірлерде жиі тіркеледі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер арасында семіздік көрсеткіші Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Атырау, Қарағанды және Абай облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында республикадағы орташа деңгейден жоғары. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлім болды.

Фото: Freepik

Министрліктің мәліметінше, артық салмақ пен семіздік әсіресе мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Бұған тамақтану дағдысының өзгеруі, қимыл-қозғалыстың азаюы, оқу жүктемесінің көбеюі және цифрлық құрылғыларды ұзақ пайдалану әсер етеді.

2025 жылғы медициналық статистика бойынша, 0–14 жас аралығындағы балалар арасында семіздік алғаш рет 100 мың балаға шаққанда 36,9 жағдайдан анықталған. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 40,5, 2024 жылы 42,6 болған.

15–17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында семіздік алғаш рет 100 мың тұрғынға шаққанда 82,1 жағдайдан тіркелді. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 76,1, ал 2024 жылы 95,5 болған.

– Өңірлік бөліністе балалар арасындағы семіздік көрсеткіші Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Атырау, Қарағанды және Абай облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында республика бойынша орташа деңгейден жоғары, – делінген министрлік жауабында.

Еске салайық, бұған дейін Дүниежүзілік семіздік федерациясы тиімді алдын алу шаралары қабылданбаса, 2040 жылға қарай әлемде 220 миллионнан астам бала семіздікке шалдығуы мүмкін екенін ескерткен еді