Қазақстанда балалардың құқығын қорғайтын бөлек басқарма құрылды

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 5 мамырдағы Үкімет басшысының қаулысымен жергілікті мемлекеттік басқарудың базалық құрылымына өзгерістер енгізілді.

«Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару базалық құрылымын бекіту туралы және Үкіметтің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Үкіметтің 2013 жылғы 18 маусымдағы № 608 қаулының «облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдігі» деген бөлімі 27-тармақпен толықтырылды. 

— Балалардың құқығын қорғау басқармасы, сондай-ақ оған есеп беретін және оның бақылауында болатын, аудандарда, облыстық маңызы бар қалаларда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада орналасатын балалардың құқықтарын қорғау бөлімдері, — делінген құжаттың мәтінінде.

Таяуда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне арналған жиын өткізді. Мемлекеттік кеңесші балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне аймақ басшылығы баса мән беріп, бұл істі тұрақты бақылауға алуы қажет екеніне назар аударды.