Қазақстанда балаларды асырап алу, Асырап алу жөніндегі агенттіктер арқылы ғана жүзеге асырылатын болады

АСТАНА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Жаңадан қабылданған «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексі бойынша Қазақстанда балаларды асырап алу,

Асырап алу жөніндегі агенттіктер арқылы ғана жүзеге асырылатын болады. Бұл туралы бүгін Астанада неке және отбасы заңнамасындағы жаңашылдықтарды талқылауға арналған семинар-кеңесте мәлім болды.

Семинардың барысында Парламентте жуырда қабылданған, қолданыстағы барлық нормативті құқықтық актілерді бір заңнамалық актіге шоғырландыруды көздейтін «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексінің ережелері әңгіме арқауы болды.

Жаңа Кодекс бойынша, азаматтар некеге тұру өтініштерін тұрақты тұрғылықты жеріне байланыссыз, республиканың кез келген тіркеу органына бере алады. Алғаш рет Кодекске суррогатты ана мәселесін, баланы тәрбиелеуге беру бойынша келісім-шарттарды жасау және бұзу тәртібін реттейтін ережелер енгізілді.

Тағы бір жаңашылдық - балаларды асырап алу, бұдан былай Асырап алу жөніндегі агенттіктер арқылы ғана жүзеге асырылатын болады. Агенттіктер балалар құқықтарын қорғау саласындағы құзырлы органында міндетті түрде аккредитациядан өтуі тиіс. Кодекске сәйкес, қазақстандық асырап алушыларға басымдық беріледі.

Қабылданған Кодекстің жүзеге асырылуы әділет органдарының АХАЖ бөлімдерінде қамтамасыз етілетін болады.

ҚР Әділет вице-министрі Әмірхан Аманбаев мәлім еткендей, бүгінде АХАЖ қызметі қарқынды дамыған ақпараттық-коммуникациялық саламен аяғын тең алып келеді. Мәселен, 2007 жылдан бастап АХАЖ қызметкерлері қағазбастылықтан толығымен арылып, азаматтық жағдайлар туралы актілерді тіркеуді электронды түрде жүргізеді. «Элекронды үкімет» порталында АХАЖ желісі бойынша 11 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Портал арқылы 2 мыңнан астам электронды анықтама берілді. Ағымдағы жылы іске қосылған - некені тіркеу өтінішін интернет арқылы беру қызметімен 50 жұп қолданып үлгерді. 2011 жылдың соңына дейін электронды қызметтің тағы бір түрі іске қосылады. Енді баланы тіркеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті болмайды. Ал 2012 жылдан бастап мұрағатты деректердің «Е-мұрағат АХАЖ» электронды бірыңғай базасы жұмыс істей бастамақ.