Бұл туралы бүгін Астанада ҚР тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева мәлім етті.
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2014 жылдың мамыр айында Астанада, Павлодар және Ақтөбе облыстарында пневмококк жұқпасына қарсы балаларға вакцина егу жоспарлы жұмыстары атқарылатын болады. 2015 жылы иммунизациямен Батыс Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы қаласы қамтамасыз етіледі», - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, егу 2, 4 жастағы және 12-15 айлық балаларға жүргізіледі.
«Пневмококк инфекциясынан сақтау үшін (менингит, пневмония, отит) екі жасқа дейінгі балалар ғана емес, сонымен қатар олардың туған-туыстарына, балалардың 78 пайызына вакцина егу жұмыстарын жүргізу қажет. Осыдан кейін ауру таралуын тоқтатады», - дейді маман.
Қазақстанда 2007-2009 жылдар аралығында респираторлық және пневмония ауруларынан 1 жасқа дейінгі балалардың қайтыс болу көрсеткіші, барлық өлім-жітім себебінің арасында 3 орында, ал инфекциялық аурулар бойынша 1 орында болды.
ТМД елдері ішінде Қазақстан пневмококк жұқпасына қарсы егуді кезең-кезеңімен енгізіп отырған елдердің бірі. 2010 жылдың желтоқсанында вакцинациялау Шығыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында жүргізіле бастады. 2011 жылы бұл тізімге Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан облыстары енгізілді.
Пневмококк - жедел пневмонияның қоздырғышы (әсіресе, кішкентай балалар мен қарттарда). Қанға түскен жағдайда қоздырғыш ми қабықтарының, өкпенің, буынның және тағы басқа ағзалардың іріңді қабынуына алып келеді. Балаларда жиі кездесетін клиникалық түрлері - жедел орта отит (60 пайызға дейін), пневмония (65-80 пайызға дейін) және менингит (5-20 пайыз).
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлемде пневмококк инфекциясынан пайда болатын сырқаттардан жылына 1,6 млн.-нан астам адам қайтыс болады. Соның ішінде 1 млн.-ға жуығы 5 жасқа толмаған балалар. Ал 1 жасқа толмаған балалардың шетінеу үлесі 40 пайызды құрап отыр.