Қазақстанда балалардың тең жартысы мектепке дейінгі ұйымдармен қамтамасыз етілген - Б. Жұмағұлов

АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Қазақстанда балалардың тең жартысы мектепке дейінгі ұйымдармен қамтамасыз етілген.

Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

Министрдің атап өткеніндей, 2011 жылы елде балабақшалардың саны 8096-ға жетті. Олардың саны 2010 жылғы 6446-дан 1650 бірлікке өсті.

«Бұл - өте жақсы қарқын. Мектепке дейінгі мекемелердегі балалардың жалпы саны - 588 мың. 1-6 жас аралығындағы балаларды қамту 47,5 пайызға жетті. Осылайша, біз мектепке дейінгі білім беру жүйесін толығымен қалпына келтіріп, сенімді түрде алға жылжудамыз», - дейді ведомство басшысы.

Б. Жұмағұловтың айтуынша, ең жоғары көрсеткіш - Қарағанды (97,1%), Қостанай (96,4%), Батыс Қазақстан (93,1%), Шығыс Қазақстан (92,3%) облыстарында.

Министрліктің мәліметтеріне қарағанда, жекеменшік балабақшалардың санын көбейтуге «Балапан» бағдарламасы үлкен серпін берді.

«Балапан» бағдарламасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуға зор ықпал жасады. Сондықтан мұндай тәжірибені кеңінен қолдану керек», - деп түйіндеді сөзін министр.