Қазақстанда балаларға әлеуметтік желіге шектеу қою керек пе – сарапшы пікірі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына шектеу енгізу мәселесі қайтадан қызу талқыланып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, цифрлық орта дамыған сайын ғаламтордағы қауіп те артып келеді.

Фото: жеке мұрағатынан

Бұл туралы Jibek Joly радиосының эфирінде саясаттанушы, заң ғылымдарының магистрі, мемлекеттік басқару және қоғамдық қауіпсіздік саласының сарапшысы Дастан Дәулетияров пікір білдірді.

Оның айтуынша, Қазақстан цифрландыру саласы белсенді дамып келеді. Алайда жаңа технологиялармен бірге жаңа мәселелер де туындап отыр. Әсіресе, бұл балалар мен жасөспірімдерге тікелей әсер етеді.

- Қазақстан цифрлық бағытта дамып жатыр. Бірақ ғаламторда бәріне рұқсат беру дұрыс емес. Цифрлық кеңістікті пайдаланудың белгілі бір ережелері болуы керек, - деді сарапшы.

Оның пікірінше, қазір балалар ғаламтор мен әлеуметтік желіні бұрынғыдан әлдеқайда ерте қолдана бастайды. Соның салдарынан олар зиянды контентке, цифрлық тәуелділікке және алгоритмдердің ықпалына жиі ұшырайды.

Сарапшы бұл мәселені тек тыйым салу тұрғысынан қарастыру дұрыс емес екенін айтты. Оның сөзінше, басты мақсат – жас буын үшін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру.

- Балалардың ғаламтордағы қауіпсіздігі тек мемлекеттің ғана міндеті емес. Бұл жерде ата-ана, мектеп және әлеуметтік платформалардың да жауапкершілігі бар, - деді ол.

Сондай-ақ, маман ойын-сауық пен білім беру контентін ажыратып, цифрлық сауаттылықты жетілдіру маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі алгоритмдер қолданушылардың күнделікті әдетін қалыптастырып, психологиясына әсер ете алады.

Дастан Дәулетияров сөз бостандығы мен балалар қауіпсіздігі арасындағы тепе-теңдікке қатысты көзқарасын да бөлісті.

– Барлық шектеу заң аясында әрі қоғам мүддесін ескере отырып енгізілуі тиіс, – деді ол.

Еске салайық, Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қою бастамасы көтерілген болатын. Қазір бұл мәселе талқылау кезеңінде.

Бір тарап мұны жасөспірімдердің психикалық денсаулығы мен ақпараттық қауіпсіздігін қорғаудың жолы деп санаса, енді бірі мұндай шектеуді іс жүзінде бақылау қиын екенін айтады.

Айта кетейік, бұған дейін балаларға әлеуметтік желілерге тыйым салатын нормалар Құрылтайда қаралатынын жазғанбыз.

                                                                                                                                                                                              Камила Тайтөлеу