Қазақстанда балаларға арналған шығармашылық үйірмелерінің бағасы қанша

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа оқу жылы басталар шақта ата-аналар үйірмелерге жұмсайтын шығынын тағы бір есептеп жатыр. Шығармашылық бағыттағы қосымшалардың бағасы қалаға және таңдауға қарай өзгеріп отырады. Ең арзаны мен қымбатының арасындағы айырмашылық бірнеше мыңға жетті.

Фото: Kazinform/ЖИ

Қазақстанның 20 қаласындағы бағаны салыстыра келе, вокал және музыкалық аспапта ойлауды үйрететін үйірмелер бағасындағы айырмашылық алшақ екенін білдік. Ал сурет салу өнеріне машықтану бағасы әлдеқайда төмен.

Талдауға ән, би, музыкалық аспапта ойнау және сурет салу өнері кірді. Әрқайсысының ең арзаны мен қымбатын біліп, айлық орташа көрсеткіші есептелді.

Вокал: 8 мың теңгеден 42 мыңға дейін

Ән үйірмесінің бағасы Ақтөбе қаласында 8 мың теңгеден басталса, Өскеменде вокалға қатысатындар айына 42 мың теңгеге дейін жұмсайды. Ал 20 қаладағы орташа баға шамамен айына 25,2 мың теңгеге шықты.

Астана қаласында үйірме құны 35 мың теңге, Алматыда 30 мың, Таразда 40 мың, ал Орал, Петропавл, Павлодар мен Семейде 30 мың теңге болып тұр.

Қолжетімді қалалар тізімде Қостанай бар. Айына — 17 мың теңге. Ал Талдықорғанда 16 мың, Түркістан мен Қызылордада 15 мың теңге.

Қорытынды: ең төмен баға — 8 мың теңге, ең жоғары баға — 42 мың теңге, орташа көрсеткіш — 25,2 мың теңге.

Би — 14 — 30 мың теңге аралығында

Елімізде би үйірмесінің бағасы өзгелерге қарағанда тұрақты. Ең арзаны — Петропавл қаласында. Үйірме құны — 14 мың теңге. Ең қымбаты — Астана, Алматы, Өскемен қалаларында. Бағасы — 30 мың теңге.

Еліміздегі орташа баға айына 20,6 мың теңге шамасында.

Қалалардың көбінде би үйірмесінің бағасы 15-25 мың теңге аралығында. Мәселен Түркістанда 15 мың, Қостанайда 15 мың, Талдықорғанда 16 мың, Қызылордада 16 мың, Павлодарда 25 мың теңге болып тұр.

Қорытынды: ең арзаны — 14 мың теңге, қымбаты — 30 мың теңге, орташа бағасы — 20,6 мың теңге.

Музыкалық аспаптар үйірмесі — ең қымбат бағыт

Таңдалған үйірмелер ішінде ең қымбаты — музыкалық аспапты үйретуге арналған бағыт. Айына орта есеппен 28,9 мың теңге керек.

Ақтөбе қаласында 10 мың теңгеден басталса, Астана қаласында 45 мың теңгеге дейін жетті. Алматы мен Өскеменде бір айлық сабаққа 40 мың теңге төлейді. Қонаевта да 40 мың теңге болса, Атырау, Қарағанды, Жезқазған мен Семейде баға — 35 мың теңге.

Ақтау, Түркістан, сонымен бірге өзге де қалаларда үйірме бағасы 15 мың теңге болып тұр.

Қорытынды: ең арзаны — 10 мың теңге, ең қымбаты — 45 мың теңге, орташа баға — 28,9 мың теңге.

Фото: Kazinform/ЖИ

Бейнелеу өнері: 8 — 30 мың теңге аралығында

Қазақстандықтар баланы сурет салу өнеріне баулу үшін айына орта есеппен 19,4 мың теңге төлейді.

Ақтөбе қаласында ең арзаны 8 мың теңге болса, қымбат қалалар тізіміндегі Астана мен Алматыда 30 мың теңгеге жетті.

Талдықорған мен Түркістанда үйірме бағасы 16 мың және 10 мың теңге. Шымкент пен Таразда — 15 мың теңге, Қызылордада — 15 мың теңге, Өскеменде — 20 мың теңге.

Қорытынды: ең арзаны — 8 мың теңге, қымбаты — 30 мың, орташасы — 19,4 мың теңге.

Фото: Kazinform/ЖИ

Үйірме бағасы қайда қымбат

Егер таңдалған төрт үйірменің бағасына талдау жүргізсек, біреуіне жазылу құны айына орта есеппен 23 500 теңгеге шығады. Ескере кететін жайт, бір балаға жұмсалатын қаржының орташа көрсеткіші өңірлерге қарай өзгеріп отырады. Астана қаласында төрт үйірме құны айына 140 мың теңгеге шықса, Алматыда 130 мың теңге, Өскеменде 132 мың теңге.

Ең арзаны Ақтөбе қаласында. Орта есеппен — 46 мың теңге. Төрт бағыт Түркістанда 55 мың теңге, Талдықорғанда 64 мың теңге.

Қарағанды қаласында төрт үйірме құны 100 мың теңге, Шымкентте 95 мың, Таразда 105 мың, Қонаевта 110 мың теңге.

Демек Қазақстанда баға үйірмеге байланысты ғана емес, өңірге қарай да өзгеріп отырады. Үйірменің кейбір түрінде облыстар арасындағы айырмашылық 35 мың теңгеге жетті. Бірнеше баласы бар отбасына бұл едәуір салмақ.

Бұған дейін Қазақстанның қай өңірінде баланы мектепке дайындау арзанға түсетінін білдік.