Үкімет үйінде баспасөз мәслихатын өткізген Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков Елбасы Жолдауындағы басымдықтардың бірі - жаңартылған энергия үлестерін арттыру, жасыл технологияларға көшу, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату екенін атап өтті.
Оның айтуынша, бұл бағыт заңнаманы, оның ішінде экологиялық кодексті өзектендіруге, экономиканы экологияландыру үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік туғызады.
«Біз келесі мақсаттарды көздейміз: электр энергетикасында 2030 жылға қарай баламалы және жаңартылатын энергия үлесін 30 пайызға дейін жеткізу қажет. Жаңартылған энергия нарығы жыл сайын өсіп келеді. 2017 жылы 1 млрд киловат/сағат энергия өндірілді. Бұл 2016 жылдың көрсеткішінен 22 пайызға артық. 2018 жылдың жоспары - 2,7 млрд киловат/сағат энергия өндіру», - дейді ол.
Ғани Сәідбековтың сөзіне сенсек, былтыр жаңартылатын энергия көздерінің бес нысаны пайдалануға берілсе, биыл жалпы қуаты 123 мегаватты құрайтын 10 нысанды іске қосу жоспарланған.
«Жаңартылатын энергия көздерінің одан ары дамуын біз аукциондық механизмге көшуден көреміз. Бұл бір жағынан жобалар мен инвесторларды таңдауға, процессті ашық әрі түсінікті етуге, екінші жағынан жаңартылған энергия көздерін енгізуге мүмкіндік береді. Бұл жүйе жаңартылатын энергия көздерінің ең экономкиалық тиімді жобаларын дамытуға серпін береді. Үстіміздегі жылы алғаш рет жалпы қуаты 1 гегаватты құрайтын жаңартылатын энергия көздері жобаларына халықаралық аукциондық сатылымдар енгізу жоспарлануда. Бірінші сатылымдарды мамыр айында өткізу көзделген», - деді вице-министр.
Аукциондық сатылымдарды өткізу туралы мәлімет ресми интернет ресурстарында жарияланады. Іріктеудің шарттары барлық кәсіперлердің теңдігін сақтай отырып, қатысушылар үшін бірыңғай болады.
«Оған азаматтығына қарамастан кез келген ниет білдіруші қатыса алады. Аукциондық сатылымдарға қатысуға отандық бизнестен басқа қазірдің өзінде Сауд Арабиясы, Канада, АҚШ, Қытай секілді шетелдердің компаниялары ниет білдіріп отыр. Аукционды табысты өткізу арқылы біз екі мәселені шешеміз. Біріншіден, жаңартылатын энергия көздерінің құны мен еліміздің экономикасына ықпал ету деңгейін төмендетсек, екіншіден, жаңартылатын энергия көздері саласындағы озық технологияларды тартамыз», - деп түйді Ғани Сәдібеков.
13:20, 26 Қаңтар 2018
Қазақстанда баламалы энергия көздері бойынша халықаралық аукцион мамырда өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жаңартылған және баламалы энергия көздері бойынша халықаралық аукционның алғашқы сатылымы мамыр айында өткізілетін болды. Аукционға қазірдің өзінде Сауд Арабиясы, Канада, АҚШ, Қытай елдерінің компаниялары қатысуға ниет білдіріп отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.