Қазақстанда балық аулауға лимит қойылды

Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрлігі 2025 жылғы 1 шілде мен 2026 жылғы 1 шілде аралығында балық және басқа да су жануарларын аулауға лимитті бекіту туралы қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. 

Балық аулау шегі келесі өзендер мен су қоймаларында қойылды:

- Жайық-Каспий бассейнінде Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облысының аумағында балық аулау лимиті – 51 267,6 тонна. Бұл көлемге бекіре тұқымдас балықтарға қатысты, яғни қорытпа, орыс бекіресі, сүйрік, пілмай, шоқыр, сондай-ақ көксерке, сазан, шортан, ақ амур, ақмарқа және басқа балық түрі бар;

- Алматы, Қарағанды және Жамбыл облыстарының аумағындағы Балқаш көлінде балық аулау лимиті – 10 008 тонна. Аулауға болатын балықтар қатарында табан, көксерке, көкжарған, шабақ, жайын, жыланбалық және қарабалық бар;

- Іле өзені мен оған іргелес су айдындарында балық аулауға рұқсат етілген лимит — 152,47 тонна. Атап айтқанда, табан, көксерке, көкжарған, шабақ, жайын, қарабалық, ақ амур, жыланбалық, беріш, сазан, мөңке, ақмарқа кіреді;

- Алакөл жүйесіне кіретін Алакөл, Қошқаркөл және Сасықкөл көлінде 1451,7 тонна көлемінде балық аулауға рұқсат берілді. Мұнда табан, алабұға, қарабалық, қызылқанат, сазан және шаяндар бар;

- Қапшағай су қоймасында балық аулау лимиті 1399,6 тонна болып белгіленді. Онда табан, көксерке, сазан, көкжарған, жайын, ақ амур, ақмарқа, шабақ, қарабалық, жыланбалық мекендейді;

- Шығыс Қазақстан және Абай облысының аумағындағы Бұқтырма су қоймасында 3160,5 тонна балық аулауға болады. Мұнда табан, қызылқанат, алабұға, көксерке, шортан, пайдабалық, көкшұбар, мөңке, сазан және басқа да түрлер кездеседі.

Сондай-ақ лимит келесі су айдындары үшін де белгіленді:

- Жайсан көлі;

- Ертіс өзеніндегі Шүлбі су қоймасы;

- Өскемен су қоймасы;

- Ертіс өзені;

- Арал теңізі (үлкен және кіші);

- Сырдария өзені;

- Шардара су қоймасы;

- Есіл өзені;

- Сілеті өзені;

- Тобыл өзені;

- Нұра өзені;

- Қаныш Сәтбаев атындағы канал;

- Өңірлік маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары.

Айта кетсек, бағалы шаян аулайтын павлодарлық кәсіпкерлер лимитсіз қалуы мүмкін мәселесін көтерген едік. 

Өткен айда Атырауда Жайық өзеніне бекіренің 2,1 млн шабағы жіберілді.