Қазақстанда барлық азаматтарға тең мүмкіншілік принципі табысты жүзеге асырылған - М.Әшімбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда барлық азаматтарға тең мүмкіншілік принципі табысты жүзеге асырылған. Бұл пікірді елордада өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім мәдениеті» атты ІІ халықаралық медиа форумы жалпы сессиясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев білдірді.

«Меніңше, Қазақстандағыдай этносаралық балансты және қазіргі мультиэтникалық қоғамдағы бейбітшілікті қамтамасыз етудің басты шарттарын бөле-жара көрсетуге болады. Ең біріншіден, ұлты мен тіліне қарамастан, барлық азаматтардың теңдігі ұстанымы мен барлық азаматтарға теңдей мүмкіншілік беру елдің заңдарында нақты бекітілген. Қазақстанда бұл ұстаным табысты жүзеге асырылуда», - деді М.Әшімбаев. Оның атап өтуінше, бұл ең алдымен Ұлт көшбасшысының еңбегі. Өйткені, еліміздің Ата заңында ешкім де ұлтына және тіліне байланысты қандай да бір кемсітушілікке ұшырамайтындығы нақты жазылған. «Бұған қоса, кез келген азамат ана тілі мен мәдениетін пайдалануға, сөйлесу тілін өз еркімен таңдауға, тәлім-тәрбие, білім алуына құқы бар», - деді ол.