«Ұлттық банк банктермен және микроқаржы ұйымдарымен бірлесіп, 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген, кепілсіз тұтынушылық қарызы бар барлық азаматтар үшін айыппұл мен өсімпұлды өтеу тетігін әзірледі. Бұл тетік алғашқы қадам ретінде банктер мен микроқаржы ұйымдарының есептелген айыппұл мен өсімпұлды дербес кешіруін болжайды. Бұдан кейін оператор банктер мен микроқаржы ұйымдарының шығыстарын 70 пайыз дисконтпен өтеуді жүзеге асырады. Яғни, іс жүзінде айыппұлдар мен өсімпұл сомасынан үштен екісінен астамы банктер мен микроқаржы ұйымдарының қаражаты есебінен есептен шығарылады. Бұл тетікті де екі айда аяқтау жоспарлануда», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Е. Досаев Парламент Сенатының Қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша заңды қабылдап, Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға енгізгенін атап өтті.
«Онда кредиттік серіктестіктерді, ломбардтар мен онлайн-кредиторларды қоса алғанда, барлық кредиттеу субъектілерін реттеу мен қадағалауды енгізу және халықтың борыштық жүктемесінің бақыланбайтын өсуін шектеу көзделеді. Енгізілетін заңнамалық өзгерістер қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейтеді, реттеушілік төрелікті және тұтынушылық кредиттеу нарығындағы жүйелік проблемаларды жояды», - деді ол.