Қазақстанда барлық салада жалақы жоғарылады

АСТАНА. 13 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстанда іс жүзінде барлық салада да жалақы артып келеді. Бұл туралы бүгін болған брифинг барысында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.

«Атап айтқанда, ауыл, орман, балық шаруашылықтарында жалақы - 22, өнеркәсіпте - 17, саудада - 10,5, көлікте - 19, ақпарат және байланыста 17 пайызға өсіп, қаржы және сақтандыру қызметіне 4 пайызға төмендеді. Мемлекеттік басқаруда жалақы - 37, білім беруде - 28, денсаулық сақтауда - 26, өнерде 26 пайызға артты. Бұл атаулы жалақы түрінде. Ал шынайы түрде цифрлар инфляциялық түзетулерге байланысты сәл төмен», - деді ол.

Агенттік мәліметтеріне сәйкес, 2012 жылғы мамырда халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары алдын ала берілген деректер бойынша 48 859 теңгені құрап, 2011 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 12,0 пайызға артқан. Нақты ақшалай табыстар 6,7 пайызға өскен. Мамырда қызметкерлерге есептелген орташа атаулы айлық 98942 теңгені құрап, өткен жылдың мамырымен салыстырған 17,6 пайызға өскен.