Қазақстанда бас бостандығынан айырылғандар саны 26,2 пайызға кеміді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің Қазақстанды «Түрмедегі адамдар» саны жоғары 50 елдің қатарынан шығару жөніндегі тапсырмасы орындалды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады.

«Сотталғандарға шартты түрде мерзімімен бұрын босату және жазаны неғұрлым жеңіліне ауыстыру тәрізді ынталандыру шараларын қолдану түрме халқын 8 мыңға азайтуға мүмкіндік берді және ол алғаш рет 40 мыңнан төмендеді. Бас бостандығынан айырылғандар саны 26,2 пайызға немесе 8 673-тен 6 871 тұлғаға дейін кеміді», - делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар, Бас прокуратураның ақпаратына сәйкес, қылмыстар үшін көбінесе бас бостандығынан шектеу жазасы қолданылып келеді. Ол 24 пайыз жағдайда тағайындалған. Айыппұлдар 7 есе (835-тен 6095-ке дейін), қоғамдық жұмыстар 5 есе (660-тан 3392-ге дейін) көп белгіленген.
«Мерзімімен бұрын босату туралы өтініштерді қанағаттандыру 70 пайызға жетті.
Нәтижесінде Қазақстан халықаралық түрме рейтингінде 55-ші орынға қарай жылжыды және алдыңғы қатарлы еуропалық елдермен бір қатарға орналасты», - делінген ақпаратта.