Қазақстанда баспана бағасы қалай өзгеріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде биылғы маусым айында тұрғын үй бағасы өзгеріп, бір ай ішінде жаңа пәтерлердің, қайталама нарықтағы тұрғын үйлердің және жалға берілетін баспананың бағасы өсті.

Фото: Kazinform

Ел бойынша жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа бағасы 617 555 теңге, ал қайталама нарықтағы пәтерлердің орташа құны 629 667 теңге. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға берудің орташа бағасы бір шаршы метр үшін 5 062 теңгеге жетті.

Мамыр айымен салыстырғанда жаңа тұрғын үй бағасы 0,7%, қайталама нарықтағы пәтерлердің бағасы 0,6%, ал жалдау ақысы 0,4% өсті. Жылдық есеппен алғанда жаңа тұрғын үй бағасы 14%, қайталама нарықтағы тұрғын үй 10,4%, ал жалдау ақысы 13,4% қымбаттады.

Ең қымбат жаңа тұрғын үй Астанада тіркелді – бір шаршы метрі 739 033 теңге, ал Алматыда – 725 995 теңге. Қайталама тұрғын үй нарығында да көш бастап тұрған қалалар – Алматы (749 592 теңге) және Астана (727 363 теңге).

Жалдау ақысы бойынша да ең жоғары көрсеткіштер Алматыда бір шаршы метрі 5 879 теңге және Астанада бір шаршы метрі 5 646 теңге. Ал Шымкентте тұрғын үйді жалға алу құны бір шаршы метр үшін 4 288 теңге.

Ең арзан жаңа тұрғын үй Орал қаласында бір шаршы метрі 327 013 теңге. Ал тұрғын үйді жалға алудың ең төменгі бағасы Таразда байқалды бір шаршы метр үшін 2 515 теңге.

Бұған дейін Қазақстанда 85 мыңнан астам азамат баспаналы болғанын жазғанбыз.

Сонымен қатар Серік Жұманғарин баспана құнының өсуіне ешқандай негіз жоқ екенін айтқан еді.