Қазақстанда бензин бағасы өсуі ықтимал

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейде мұнай өнімдері бағасының өсуі жағдайында Қазақстанда бензиннің бөлшек бағасы жоғарылауы мүмкін. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев мәлім етті.

«Егер де Ресейдің нарығындағы үрдіске тоқталатын болсақ, онда акциздік алым артқанын білесіздер. РФ-те акциздік алымның артуы бөлшек баға деңгейінің өсуіне алып келетіні түсінікті. Бұл ретте ол бөлшек бағаға әсер етіп, Қазақстанда бағаның біршама өсуіне ықпал етуі мүмкін»,-деді компания басшысы.

Осы орайда ол ЕАЭО аясында Ресеймен сауда-саттық тұрғысында шекаралары ашық екенін еске салып өтті.

Бұл бензин Қазақстан аумағына жеткізілген кезде жанама салықтар шегерілетініне тоқталған ол: «Сондықтан да жанама ықпалы болуы мүмкін екенін айтамын. Дегенмен де оның айтарлықтай әсерін байқап отырған жоқпыз. Естеріңізге салайын, Ресейдің нарығы шамамен Қазақстаннан 10 есеге үлкен. Бұл ретте еркін сауда аясында баға деңгейі сөзсіз әсер ететіні түсінікті»,-деді С. Мыңбаев.