«Ішкі нарықтағы ахуал бойынша таныстырып өтсем, 2018 жылдың 12 сәуіріндегі жағдай бойынша АИ-92 маркалы бензинінің жиынтық қоры 330 мың тоннаны құрап отыр. Ал дизельдік отын бойынша жиынтық қор - 325 мың тонна. Жалпы жағдай тұрақты. Мұнай өнімдерін өндіруді шектеу байқалмайды», - деді Қуаныш Құдайбергенов ОКҚ-да өткен бүгінгі баспасөс мәслихатында.
Оның айтуынша, отандық мұнай-өңдеу зауыттарын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар бітуге таяп қалған.
«Атап айтқанда, Павлодар МӨЗ жаңғырту жұмысын аяқтады, Атырау МӨЗ барлық механикалық шаруаларын аяқтап, қазіргі уақытта қалған жұмысты тәртіпке келтіруде. Атырау МӨЗ-де каталитикалық крекинг орнатылып, ол зауыттағы бензинді екі есеге көп өндіруге қол жеткізілгенін естіген боларсыздар. Сондай-ақ, Шымкент МӨЗ-ді жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын», - деп түйді Қуаныш Құдайбергенов.