Қазақстанда бидайдың егістік алқаптары азаяды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Келесі жылдан бастап Қазақстанда бидайдың егістік алқаптары 2 млн. гектарға азайтылып, оның орнына майлы дақылдар және жем егіледі. Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлім етті.

Бұл ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің егістік алқапты әртараптандыру саясатына байланысты болып отыр.

Осы себептен егін шаруашылығын қолдаудың мемлекеттік тетіктері өзгертілетін болады.

«Атап айтқанда, бидайдың 1 гектары үшін берілетін субсидиялар қысқартылады, оның орнына майлы дақылдарды және жемді мемлекеттік қолдау көзделуде. Былтыр еліміз 533 мың тонна майлы дақылдарды экспорттады, соның ішінде Еуропаға экспортталған зығырдың үлесі 46,4 пайызды құрады. Сонымен бірге Қытай Халық Республикасымен өсімдік майының 30 мың тоннасын жеткізу туралы келісім бар. Осыған орай, майлы дақылдардың егістігін ұлғайтуды қамтамасыз ету қажет», - деді ол Астанада өткен баспасөз мәслихатында.