Қазақстанда биыл 4 635 ата-ана жауапкершілікке тартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Баланың қауіпсіздігі үшін ата-ана қай деңгейде жауап береді? Ал заң бойынша кәмелетке толмағандарға қандай талап қойылған? Маңызды мәселе Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында талқыланды.

Видеодан алынған скрин

Жазғы демалыс басталғалы балалардың бос уақытын бақылау өзекті мәселеге айналды. Осыған байланысты полиция кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында рейдтік іс-шараларды күшейткен. Соның нәтижесінде бір ғана Шымкент қаласында түнгі уақытта 164 жасөспірімнің ересектердің қарауынсыз көшеде жүргені, ал 22 кәмелетке толмағанның ойын-сауық орындарында болғаны анықталған.

Заңгер Аржан Сәдуақастың айтуынша, заңда баланың түнгі уақытта көшеде жүруіне қатысты нақты талап белгіленген. Егер кәмелетке толмағанның жанында заңды өкілі болмаса, оның көшеде жүруіне уақыт бойынша шектеу қойылады.

— Мұндай уақытта баланың қасында ата-анасы болса ғана көшеде жүруге рұқсат етіледі. Бұл талап Неке және отбасы кодексінде көзделген. Заңды өкіл ретінде тек ата-анасы танылады. Туған бауыры немесе басқа туыстарының жанында жүруге рұқсат жоқ. Егер ата-анасы қасында болмаса, кәмелетке толмағандар сағат 23:00–ге дейін ғана көшеде жүре алады. Алғашқы жағдайда полиция ескерту жасайды, қайталанса әкімшілік айыппұл салынады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабында ата-аналардың немесе қамқоршылардың өз міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілік көзделген, — деді заңгер Аржан Сәдуақас.

Маманның сөзінше, ата-ананың жауапкершілігі баланың түнгі уақытта көшеде жүруімен ғана шектелмейді. Егер кәмелетке толмаған жасөспірім қоғамдық орында балағат сөз айтып, өзгенің мүлкіне зиян келтірсе немесе қоғамдық тәртіпті бұзса, заң алдында заңды өкілі жауап береді.

Жаз мезгілінде көпқабатты үйлердің аулаларында балалардың кешке дейін ойнауы да жиі кездеседі. Мұндай жағдайда да тұрғындардың тыныштығын бұзбау талабы ескерілуге тиіс.

— Тұрғын үй аумағында сағат 23:00–ден кейін шулауға болмайтынын естен шығармау керек, — деді заңгер.

Айта кетейік, жақында Ішкі істер министрлігі электрсамокат пен мопедті кез келген жерге қалдыруға болмайтынын ескертті.