Қазақстанда биыл іздеуде жүрген 700-ден астам қылмыскер ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда қылмыскерлерді іздестірудің тиімділігін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылданып, жыл басынан бері 706 іздеудегі адам ұсталды, деп хабарлайды Бас прокуратура.
Бұл шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті мемлекет құру, заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті нығайту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылып жатыр. Президент атап өткендей: «Әділеттілік, заң мен тәртіп – болашақ дамуымыздың басты бағдары».
Бас прокуратура құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қылмыскерлерді іздестіру тиімділігін арттыру және жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаралар қабылдады. Атап айтқанда:
іздестіру жұмысына қатысты нормативтік-құқықтық база жетілдірілді;
іздестірудегі адам мемлекеттік немесе басқа қызметтерге жүгінгенде, іздестіруді бастамашы органға автоматты хабарлау жүйесі енгізілді;
бет-әлпетті тану функциясы бар бейнебақылау камераларын пайдалану белсенді жүргізіліп жатыр.
- Мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылы негізінде, бюджет қаражатын пайдаланбай-ақ, халық көп жиналатын жерлерге 3 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Осы камералар көмегімен 2024 жылы 72 қылмыскер ұсталды. Мысалы, өткен жылдың қазан айында Алматыда ауыр қылмыс жасағаны үшін 15 жылдан астам уақыт бойы іздестіруде жүрген қылмыскер қолға түсті, - деп жазды бақылаушы органнан.
Сонымен қатар шетелден аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін іздеуде болған 28 адам елге қайтарылды. Олардың ішінде кісі өлтіру, қаржылық пирамидалар құру, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу, алаяқтық және есірткі саудасы бойынша жауапқа тартылғандар бар.
Жалпы, ұсталған 706 адамның ішінде:
14-і кісі өлтіргені үшін,
13-і есірткі сатқаны үшін,
34-і тонағаны үшін,
141-і алаяқтық жасағаны үшін,
269-ы ұрлық жасағаны үшін іздеуде болған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде іздестірудегі адамдардың жалпы саны 4,6%-ға, яғни 2226-дан 2123-ке дейін азайып, оларды ұстау тиімділігі 63,7%-ға дейін артты.
Бас прокуратура жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету және елдегі құқықтық тәртіпті нығайту бойынша жұмыстың жүйелі әрі тұрақты жалғасатынын атап өтті.
Айта кетейік, Шымкентте бопсалау және қарақшылықпен айналысқан қылмыстық топ ұсталды.