Қазақстанда Биоалуандылықты сақтау жылы ашылды

АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін, мамырдың 28-і күні Қазақстанда Биоалуандылықты сақтау жылы ашылды.

2006 жылы желтоқсанның 20-да БҰҰ Бас ассамблеясында биологиялық әртүрліліктің жоғалу проблемасына Әлем елдерінің назарын аударту мақсатында 2010 жыл Биоалуандылықты сақтау жылы деп жарияланған болатын. Биыл әлемнің көптеген елдері сияқты Қазақстан Биоалуандылықты сақтау жылын атап өту шаралары басталғандығын жариялады.

Салтанатты шарада ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов, Еуропалық Даму және қайта құру банкінің Қазақстандағы өкілдері, БҰҰ-ның еліміздегі тұрақты өкілі Стеляна Недер қатысты.

Өзінің сөзінде министр Н. Әшімов, оқиғаның алдағы барысында орталық аппарат пен құрылымдық бөлімшелерінің атқаруы тиіс мәселелер мен міндеттерге тоқталды. Оның айтуынша, министрлік жаңартылатын энергия көздерін, «жасыл энергетиканы» дамыту, парниктік газдардың ауаға таралуын азайту, су ресурстарының тазалығын сақтау, қоршаған орта ластауыштарын жоятын бактериялар мен технологияларды қолдау сынды басымдықтар белгіленген.

«Қазақстанда Биоалуандылықты сақтау жылы аясындағы шаралар ел экологиясына мол әсерін тигізеді. Қазақстанның табиғатты қорғау ісі үшін бұл елеулі оқиға және маңызды кезең болады», дейді министр.