Қазақстанда биологиялық қоспа шығарушы компаниялар мемлекеттік тіркеуден шығарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті «АЛИ КАПС» және «Сеалекс форте» БАҚ-тың мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерін кері қайтару және күшін жою бөлігінде комитеттің пайдасына шешілген сот шешімін алды. Бұл туралы комитеттің сайтында хабарланды.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті комитеттің бұйрығымен құрамында мемлекеттік тіркеу кезінде мәлімделмеген «Тадалафил» дәрілік затының анықталуына байланысты «АЛИ КАПС» («ALI CAPS»), «Сеалекс форте» («SEALEX FORTE») биологиялық активті қоспаларының мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерін кері қайтарды және күшін жойды.
Өнімнің өндірушісі Ресей Федерациясы, Санкт-Петербор қаласы, «ВИС» ЖШҚ болып табылады. «ВИС» ЖШҚ Астана қаласының Арнайы ауданаралық экономикалық сотына «АЛИ КАПС» («ALI CAPS»), «Сеалекс форте» («SEALEX FORTE») тағамға биологиялық активті қоспаларын мемлекеттік тіркеуді кері қайтару және олардың мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерінің күшін жою туралы комитеттің бұйрығын заңсыз деп тану және күшін жою туралы өтінішпен ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті ММ-не талап-арызбен жүгінді.

2016 жылдың 27 шілдесінде Астана қаласының Арнайы ауданаралық экономикалық соты ашық сот отырысында осы азаматтық істі қарап, «ВИС» ЖШҚ-ның талаптарын қанағаттандырудан бас тартты.

14 қыркүйекте «ВИС» ЖШҚ Астана қаласының Арнайы ауданаралық экономикалық сотының 27 шілдесіндегі шешіміне шағымдануына байланысты осы іс Астана қаласының сотында аппеляциялық тұрғыда қаралды. Қалалық соты 27 шілдесінде Астана қаласының Арнайы ауданаралық экономикалық сотының осы іс бойынша шешімін өзгеріссіз, ал апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.