Қазақстанда «Биопарокс» антибиотигі сатылымнан алынып тасталады - ДСӘДМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жанама аллергиялық әсер мүмкіндігіне байланысты пациенттер кеңінен қолданылып келген «Биопарокс» антибиотигі сатылымнан алынып тасталады. Бұл туралы брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті төрағасы міндетін атқарушы Лариса Пак мәлім етті.

«Фармацевтикалық бақылау аясында дәрілік заттардың жанама әсерлерінің мониторингтік базасы біз үшін қолжетімді. Соның ішінде Еуропалық базалармен де байланыс бар. Сондықтан да, біз аталған препаратты сатылымнан қайтарып алу туралы шешім қабылдадық. Бұл бүкіл республика бойынша жүргізіліп жатыр», - деді Л.Пак.

Оның сөзіне қарағанда, Дәрілік заттарды реттеу жөніндегі еуропалық агенттік «Биопарокс» мәселесімен былтырғы жылдың қыркүйегінен бастап айналысқан. «Ақпан айының соңына таман «Биопарокс» антибиотигін әлем бойынша сатылымнан қайтарып алу туралы шешім қабылданған. Агенттік препарат аллергиялық әсер береді деген қорытындыға келіп отыр», - деді Л.Пак.

Еске сала кетейік, бұған дейін Servier компаниясы тамаққа себетін «Биопарокс» (фузафунгин) тамақ спрейін әлем бойынша сатылымнан алып тастау туралы шешім қабылдаған болатын.