Қазақстандық автобизнес қауымдастығының мәліметінше, 2018 жылдың наурыз айында ішкі істер органдары 91 160 автомобильді тіркеді. Бұл ақпан айына қарағанда 3,2 пайызға артық. Ал осы жылғы бірінші тоқсанның қорытындысында 259 810 автокөлік тіркеуге алынды. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 18,4 пайызға көп.
Осы жылдың басынан бері алғаш рет тіркелген автокөліктер санының өсуі байқалады. Үш айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 16 649 бірлік техниканың барлық түрлері тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 234 автомобильге артық.
Ал бірінші тоқсанда қайта тіркеуге 243 161 автокөлік алынды, Бұл тіркелген жалпы көлік санының 93,6 пайызын құрайды. Қайта тіркелген көліктердің шамамен 65 пайызы - 2008 жылға дейін шығарылған (169 349 бірлік). 3 жылдан 10 жылға дейінгі техникалар саны - 65 364, 3 жылға дейінгілері - 24 861 бірлік.
Бірінші тоқсанның қорытындысында 40 852 Toyota тіркелді. Одан кейінгі орында Lada (VAZ) (35 032) көлігі тұр. Ал үшінші орында шығарылғанына 10 жылдан асқан Mercedes-Benz (Daimler) автомобилі. Есепті кезең ішінде 19 108 аталған көлік түрі тіркеуге алынған.