Қазақстанда бір тәулікте 6 адам суға кетті, соның ішінде 2 бала бар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның су қоймаларына бір тәулікте 6 адам, соның ішінде 2 бала батып кетті, деп хабарлады ҚР ТЖМ. Қостанай облысының Әулиекөл ауылында көлге суға түсу кезінде 2006 және 2008 жылдары туған екі бала батып кетті. Олардың мәйіттерін судан жергілікті тұрғындар алып шықты.

Қостанайда Тобыл өзеніне 18 жастағы жігіт батып кетті. Оның мәйіті судан Қостанай облысының ТЖД суда құтқару қызметінің күшімен табылып, шығарылды.

Сонымен бірге, Қарағандыда жасанды су қоймасына түсу кезінде 1988 жылы туған ер адам батып кетті. Сағат 20.50 кезінде оның мәйіті судан Қарағанды облысының ТЖД суда құтқару қызметінің күшімен шығарылды.

Павлодар облысының Ертіс өзеніне өткен сәрсенбі күні 1980 және 1984 жылдары туған екі азамат батып кетті.