Қазақстанда бір жылда инфляция 18,8 пайызға жетті - статистика

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық статистика бюросы қазан айындағы инфляция туралы мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оған сәйкес, 2022 жылдың қазан айында айлық инфляция 1,6% құрады.

2022 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда қазан айында азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер әрқайсысы 1,7%, азық-түлік тауарлары 1,4% қымбаттады.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде жуу және тазалау құралдарының бағасы ең көп көтерілді – 5%-ға, киім мен аяқ киім, жеке тауарлар, тұрмыстық тауарлар 2,1%-ға, ыдыс-аяқ 1,9%-ға, тоқыма бұйымдары 1,7% қымбаттады.

Тас көмір бағасы 2,1%, отын 1,7% өсті.

Ақылы қызметтердің баға деңгейі өткен айда 1,7% көтерілді.

Оның ішінде қонақ үй қызметтері 6%-ға, кешенді демалыс ұйым қызметтері 4%-ға, демалыс және спорт саласындағы іс-шаралар қызметі 3,3%-ға, монша қызметі 3%-ға, балаларды дамыту орталықтарының қызметтері 2,9%-ға, қоғамдық тамақтандыру қызметі 2,2%-ға қымбаттады.

Азық-түлік тауарларының бағасы 2022 жылғы қазанда 1,4%-ға өсті. Оның ішінде қызанақ – 21%, қияр – 14,7%, жұмыртқа – 6,3%, балық және теңіз өнімдері – 2,3%, тоқаш және ұн өнімдері – 2,2%, салқындатылған сусындар – 1,9%, ірімшік және сүзбе 1,8%-ға қымбаттады. Керісінше сәбіз бағасы 5,6%-ға, қызылша – 5,5%, пияз – 5,1%, картоп – 3,5%, қырыққабат – 2,6%, құмшекер 2,3%-ға арзандады.

2022 жылғы қазанда жылдық инфляция мөлшері 18,8% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 23,1%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 17,9%, ақылы қызметтер 13,5% өсті.

Бағаның өсуі (қазан 2021ж.- қазан 2022ж., өсім, пайызбен)

77,7% кір сабын

42,3% дәретхана қағазы

74,3% құмшекер

42,2% балқытылған ірімшік

64,2% кеңсе тауарлары

41,7% макарон өнімдері

51,1% мұздатқыш

39,9% қант қосылмаған концентратталған сүт

50,0% балалар сабыны

39,7% қант қосылған қоюландырылған сүт

45,5% арпа жармасы

38,6% қарақұмық жармасы

44,3% жоғары сұрыпты бидай ұны

35,3% сусабын

43,8% ауа баптағыш

26,5% театр қызметі


Соңғы жаңалықтар