«Халықаралық ынтымақтастыққа тоқталсақ, Тәуелсіздік жылдарында 12 елде 5963 әскери қызметші білім алып, олар Ресей, Беларусь, АҚШ, Еуропа және Азия елдерінде біліктілік шыңдады. Ұлттық қорғаныс университетінің магистранттары мен докторанттарының шетелде тәжірибеден өтуі өзінің тиімділігін көрсетті», - деп тоқталды депутат.
Оның сөзіне қарағанда, елімізде Армениядан, Тәжікстаннан және Қырғызстаннан курсанттар оқып жатыр. Белгілі болғандай, олар Ұлттық қорғаныс университеті, Құрлық әскерлерінің әскери институты, Әуе қорғанысы күштері әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтында білім алуда.
Бұдан бөлек М. Ерман әлемдік тәжірибеге тоқтала келе, әскери іс-қимылдың бір түрі едәуір дәрежеде ақпараттық салаға қатысты екенін атап өтті.
«Сондықтан киберсоғыс жағдайында тактика мен әдісті өзгертудің маңыздылығы артады. Осыған байланысты, қазіргі кезде әскери мамандарды даярлауда ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында цифрландыруды енгізіп, білім беру ресурстарын электрондық түрге көшіру, электронды оқу материалдарын әзірлеу, тактикалық дайындық, әскери іс-қимылды, техникаларды басқаруда цифрлы тренажерларды қолдану қажет. Бірінші кезекте осы технологияларды қолдануды білетін оқытушылар мен нұсқаушыларды дайындау керек», - деп нақтылады депутат.