Қазақстанда бірқатар жаңа соттар құрылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылдың 17 наруызындағы Жарлығымен Алматы және Шымкент қалаларының жаңа Наурызбай және Қаратау аудандарында аудандық соттар құрылды.

Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметінен хабарланады.

Бұдан басқа, Алматы қаласының аумағында Медеу ауданының № 2 қылмыстық іс жөніндегі мамандандырылған аудандық сот құрылды. Тәжірибеге сүйенсек, мамандандырылған соттар жүйесін енгізу әділ шешім шығаруға және сот істерінің сапалы қарастырылуына септігін тигізеді.

Осы Жарлыққа сәйкес Ақмола облысындағы Жақсы ауданының № 2 соты және Қостанай облысындағы Рудный қаласының № 2 соты таратылды.

Жоғарыда аталған соттар қызметінің экономикалық тиімсіздігіне байланысты (қызмет көрсетіліп отырған халық тығыздығының төмендігі, жұмыстың аздығы) таратылып, оларды жүргізуге байланысты барлық мәселелер Ақмола облысындағы Жақсы аудандық соты мен Қостанай облысындағы Рудный қалалық сотының құзыретіне берілді.