Қазақстанда бірлескен компания құрған шетелдік мұнай-газ компанияларына басымдық беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда бірлескен компания құрып, қазақстандық ғылыми институттармен бірлесе жұмыс жасаған шетелдік мұнай-газ компанияларына басымдық беріледі.

Бүгін «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы жанындағы Экономикалық саясат кеңесінің отырысында Энергетика министрі Владимир Школьник осылай мәлім етті. Еске салайық, кеңесте «Нұр Отан» партиясы Сайлауалды тұғырнамасының «Инновациялық экономика» бағыты бойынша мәселелер талқыланған еді.

«Мұнай және газ индустриясында технологиялық тозушылықты тез еңсерудің бірден-бір жолы - бірлескен кәсіпорындар құру. Сондықтан да, мұнай-газ кені саласындағы тендерлер аясында қазақстандық ғылыми институттармен, отандық ғалымдармен, біздің ұйымдармен ғылыми қамтымды, жоғары технологиялық жұмыстарды бірлесе жүзеге асыратын шетелдік мердігерлерге басымдық беріледі. Ондай компаниялар бірлескен кәсіпорын құруға міндетті болуы керек», - деді В. Школьник.