Қазақстанда бірнеше картельдік тексерулер жүріп жатыр
11:31, 04 Қараша 2016
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда бірнеше картельдік тексерулер жүріп жатыр. Бұл туралы бүгін Астанада «Нарықтық билікті айқындау және картельдерді тергеп-тексеру әдістері» тақырыбындағы конференцияда ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Серік Жұманғарин мәлім етті.
«Алғаш рет «картель» түсінігі енгізілді және бұл бәсекелестер арасында көлденең келісімді білдіреді. Қазіргі кезде бізде бірнеше алғашқы картельдік тексерулер жүріп жатыр. Меніңше, жақын арада оның нәтижесі бойынша мәлімет береміз»,-деді Жұманғарин.
Оның айтуынша, монополияға қарсы органның тәжірибесіне нарық субъектілерінің іс-қимылдарында заңнаманы бұзу белгілері бар екендігі туралы ескерту жасау енгізілді. Бұл тетік бәсекеге қарсы іс-қимылдар жасаған кезде нарық субъектілерін оңалтуға, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті адал жүргізуге мүмкіндік беруге бағытталған. Яғни суюбъектіні жазаламай, оған ағымдағы ахуалын түзетуге жол беріледі.