Қазақстанда бірнеше салада ірі еріктілер ұйымдары пайда болуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент депутаттары «Волонтерлық қызмет туралы» заң жобасын әзірледі. Бұл туралы бүгін Астанада «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институтының қолдауымен «SarapTime» пікірталас клубының алаңындағы «Қазақстан Республикасындағы волонтерлық қызметтің құқықтық реттелу мәселелері» тақырыбындағы отырыста ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрам Бегентаев мәлім етті.

«Мәжілістегі «Нұр Отан» фракциясы сенаторлармен бірлесе «Волонтерлық қызмет туралы» заң жобасы даярланды. Негізгі мақсат - еріктілік қызметті іске асыру үдерісінде туындайтын құқықтық қатынастарды тиімдірек реттеу», - деді депутат.

«Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының басшысы Нұрлан Сыдықовтың сөзіне қарағанда, бүгінде еріктілердің жұмысын заңдастыру мен жүйелендіру сарапшылық топтың талқылауына шығарылып отыр. Негізінен, әлемдік тәжірибе бойынша көптеген елдерде еріктілер мәселесі заңдастырылған.

«Біріншіден, бұл адамды ынталандыратын, волонтерлықпен көбірек айналысуына септігін тигізетін тетік болып есептеледі. Менің ойымша, бұл саланы міндетті түрде заңдастыру қажет»,- деді Н.Сыдықов.

Оның пайымынша, төтенше жағдайлар кезінде немесе басқа да салалар бойынша жедел әрекет етуге қауқарлы арнайы ұйым қажеттілік етеді.

«Бұл үкіметтік емес, яғни қоғамдық сала болып табылады. Осы тұрғыда бір немесе бірнеше ұйымның құрылуын уақыт көрсетеді. Менің ойымша, бұл бәсекелестік сала. Халықаралық тәжірибеге сүйенетін болсақ, бүгінде АҚШ-та, Еуропа елдерінде бірнеше үлкен ұйымдар өздерінің жұмыстарын іске асырып отыр. Сондықтан бір ұйыммен ғана шектелудің қажеті жоқ. Осы бағытта оларды салалап, бөлу керек», - деді жастар қанатының басшысы.

Осы орайда ол төтенше жағдайларда, білім саласында, кәсіпкерлікте және басқа да бағыттарда еріктілік үлкен көмек болуы мүмкін екенін атап өтті. Сыдықовтың айтуынша, әр салада өз ұйымы болса, олардың біліктілігі жоғары деңгейге шығады.

«Көптеген елдерде еріктілердің желісі біреуге көмек қолын созу ғана емес, сонымен қатар ұлттық идея ретінде көрсетілген. Мәселен, елімізде асарлатып қолдау көрсету ежелден келе жатыр. Осы тұста біз бұл саланы заңдастырып, жаңа деңгейге шығуымыз керек», - деді ол.