Қазақстанда Біржан ариясын орындайтын тенор-әнші жоқ - Әлпиев

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры директорының бірінші орынбасары Төлеубек Әлпиев Қазақстан операсындағы кадрлық жетіспеушілік мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төлеубек Әлпиевтің айтуынша, Қазақстанда «Біржан-Сара» операсындағы Біржан арияларын орындай алатын тенор-әнші жоқ.

«Өкінішке қарай, Қазақстанда Біржанды сомдай алатын тенор дауыс жоқ. Өткен ғасырда Алматыдағы Абай театрында ағаларымыз болатын, ал қазір Біржанды халықаралық деңгейде көрсететін адам жоқ. Себебі, Біржанның партиясы - «Аидадағы» Радаместен, «Тоскадағы» Каврадоссидан кем түспейтін өте қиын партия. Сондықтан да, Біржанды, Каварадоссиді, Радаместі сомдайтын драмалық тенор иелерін өзге елдерден шақырып жүрміз. Қазақстанда баритондар жетерлік, Талғат Мұсабаев, Сүндет Байғожин, Шыбықбаевтар бар. Сопрано да көп, бірақ болашақта мәселен, «Қарғаның мәткесіндегі» Германн партиясын орындауға қауқары жететін тенорлар жоқ. Бұл - кадрлық мәселе», - деді Әлпиев ОКҚ-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы театрлар қызметіне арналған баспасөз мәслихатында.

Театр өкілі тенор-орындаушылардың бар екенін, бірақ олардың Біржан рөлі үшін тым жас екенін баса айтты.

«Біржан партиясы сондай қызық, сондай көркем және өте күрделі етіп жазылған. Онда Біржан тағдырындағы шиеленісті көрсететін жоғары және төменгі ноталар көп. Әрине, жас орындаушылар бар, олар нотаны орындап беруі мүмкін, бірақ одан Біржанның қасіретін, әнші, композитор, азамат ретіндегі бейнесін көре алмаймыз. Бұл да «Абай» операсы тәрізді, 20 жаста Абайды сомдау мүмкін емес қой. Біржан образ үшін өмірлік тәжірибе, вокалдық-музыкалық мүмкіндіктер және ерекше дарын керек», - деді ол.

Сондай-ақ, театр өкілі Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсына автордың өзі жазған бірнеше арияның енбей қалғанын айтты.

«Туындыны зерттей келе, Төлебаевтың өзі жазған кейбір Біржан арияларының операға енбей қалғанын байқадық. Оған цензура себеп болуы мүмкін. «Теміртас» та қосылмапты. Қазір түпнұсқаны алып, Төлебаев жазған кейбір музыкалық эпизодтардың соңғы партитураға не себепті енбей қалғанын анықтап жатырмыз. Операға көптеген театр қайраткерлерінің ұсынысымен жас режиссер Асхат Маемировты шақырдық. Ол Сорбоннада білім алған, өте білікті маман. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр», - деп өз сөзін түйіндеді Төлеубек Әлпиев. 

Бұған дейін Біржан образын Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Татарстанның халық әртісі Ахмет Ағади, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі Садырбек Жұмашев  және қазақстандық Мейір Бәйнешов сомдап келген болатын. 

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Асхат Маемиров режиссерлік ететін жаңа «Біржан-Сара» операсының премьерасы 2018 жылдың наурыз-сәуір айларына жоспарланған.