Қазақстанда биыл 10 айда 66,4 миллиард кВт/сағ. электр энергиясы өндірілді - Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі

АЛМАТЫ. 2 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанда биыл 10 айда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда электр энергиясын өндіру 105,9 пайызға, ал тұтыну 108,6 пайызға ұлғайды. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан Энергетиктер форумында айтылды.

"Жедел мәліметтер бойынша Қазақстанда ағымдағы жылы 10 айда 66,4 миллиард кВт/сағ. электр энергиясы өндірілді. Ал электр энергиясын тұтыну көлемі 67, 8 миллиард кВт/сағ. болды. 2014 жылға дейінгі бағдарлама бойынша келешекте электр энергиясын тұтыну көлемі жыл сайын орта есеппен 4 пайызға жуық артып отырмақ. Соның нәтижесінде 2014 жылы электр энергиясын өндіру 97,9 миллиард кВтс болса, тұтыну 96,8 миллиард кВт/сағ. болады деп болжануда", - дейді ҚР Инудстрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов.

Оның айтуынша, Үдемелі индустриалық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бойынша ағымдағы жылы 144 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Алғашқы жартыжылдықта оның 72-сі іске қосылды. Олардың ішінде электр энергиясы саласындағы қуаты 54 Мвт болатын Орал ГЖЭС-ның бірінші турбогенераторы және 3,5 МВт.Қаратал ГЭС-і бар.

Сондай-ақ 300 МВт. Мойнақ ГЭС-і, 87 МВт. Ақшабұлақ ГЖЭС-і, 500 МВт. Экібазтұз ГРЭС-1-дің 3-энергоблогын, 1320 Мвт. Балқаш ЖЭС-ның құрылысын, 500 кВ "Алма" кіші станциясын және 500 Мвт. Екібазтұз ГРЭС-1-дің №8 блогын, 325 Мвт. Ақсу ГРЭС-інің №2 блогын қалпына келтіру және Шардара ГЭС-і пен НЭС жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.