Қазақстанда биыл 15-16 млн. тонна астық жинау көзделіп отыр

АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы саласының мамандары биыл жиналатын астық көлемі 15-16 миллион тонна көлемінде болады деп болжап отыр.

Бұл туралы бүгін осы мәселеге байланысты журналистермен болған баспасөз мәслихатында  «Қазагроинновация» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Серік Кененбаев мәлім етті.

Оның мәліметтеріне қарағанда, биылғы 2012 жылы елдегі егістік көлемі 21,2 миллион гектарды құрап отыр. Оның ішінде астық егілетін алқап 16 милллион гектарды алып жатыр. «Біздегі егістік көлемінің басты бөлігі қатерлі аймақтарда орналасқан. Яғни егістік алқаптары суарылмайтын жерлерде. Қазақстандағы суармалы жердің көлемі 1,8 миллион гектар. Ал жалпы егістіктің 21 миллион гектар екендігін ескерсек, суарылмайтын жерлердің қаншалықты аз екендігін бірден байқауға болады. Яғни егіннің жай-күйі ауа райына да байланысты болып отыр»,-деді басқарма төрағасы.

Оның деректерінше, ауа райы егіннің өнімділігіне әсер етеді. Ал былтырғы жылы қардың аз жауып, қыстың суық болғандығын ескерсек, биыл ылғал көлемі өте аз болғалы отыр.

«Сондықтан біз биылғы егіннің  мол болғанын қаласақ, астық өсіру бағытындағы ғылыми жетістіктерді тиімді пайдалану керек. Бұл бірінші кезекте ылғалды үнемдеу технологиясымен байланысты. Нөлдік технология деген атаумен белгілі бұл әдіс қазір әлемде кең тараған. Нақты мәліметтерге тоқталатын болсақ, осы уақытта ылғалды үнемдеу технологиясы 1 миллион гектар жерде пайдаланылады. Сонымен қатар елде дәнді дақылдардың ыстық, суыққа төзімді жаңа түрлерін пайдаланған жөн. Өйткені олар ауа райына немесе жердің ылғалдылығына қарамастан мол өнім бере береді»,-деді С.Кенебаев.

Сондай-ақ ол, өткен жылы ылғалдың аз болғанымен, биылғы жылдың көктемінде жауын-шашын көп болса, ол егіннің түсіміне оң ықпал ететіндігін атап өтті.

«Осы себепті, алдағы жылы астық көлемі аз болады деген қауіп тумауы тиіс. Біз астық көлемін биылғы жылы орта есеппен алғанда, 15-16 миллионға жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз»,-деді маман.