Қазақстанда бизнес кредитке кепілдік беретін қор жұмысын бастады

Фото: Фото: Әділет Беремқұлов/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін «Даму» қоры жаңа «Кепілдік қоры» аясында алғаш кепілдігін берді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі хабарлайды.

«Даму» Қоры базасында шағын және орта бизнес пен ірі бизнестің жобаларын несиелеу үшін «Кепілдік қорын» іске қосты. Оны Жамбыл облысында «Asatu» брендімен макарон өнімдерін шығаратын Олег Панкеев пайдаланды. Қаражатты кәсіпкер жабдық сатып алу және өндіріс-қойма ғимаратын салуға жұмсамақ. 

— Қордың жаңа кепілдігінің арқасында біз жаңа цех салу үшін тиімді шарттармен қаржы ала алдық. Бұл біздің бизнес үшін маңызды қолдау және қаражат алу процесі әлдеқайда жеңіл және жылдам өтті. Сонымен қатар бұл жоба жұмыс орындарын ашуға түрткі болып, өңір экономикасы дамуына ықпал етеді, — дейді кәсіпкер Олег Панкеев.

Дәл қазір екінші деңгейлі банктермен кепілдік қорына қатысу туралы келісімдерге қол қойылды. 

Шағын және орта бизнеске кепілдік қоры Үкімет, екінші деңгейлі банктер және өзге де инвесторлармен бірлесіп құрылады. Ол — кәсіпкердің кепілзаты жеткіліксіз болған жағдайда 7 млрд теңгеге дейін несие алуына мүмкіндік жасайды. Бұл құрал қолдау күтетін жобалар көлемінің республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінетін қаражатқа тәуелділігін азайтуға сеп болмақ.

Бағдарламаға салық немесе де несие түріндегі қарыздары жоқ, жұмыс істеп тұрған микро, шағын, орта және ірі бизнес субъектілері қатыса алады. Оның аясында шағын және орта бизнес субъектілері 7 миллиард теңгеге дейінгі қарызға несие сомасының 85%-на дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайтын кепілдік ала алады. Ірі бизнес үшін құны 7 млрд теңгеден басталатын жобалар үшін кепілдіктің максимал мөлшері — жоба құнының 30%-на дейінгі сома болмақ.

Кепілдік алу үшін кәсіпкер тікелей банкке жүгінуі қажет. 

Еске сала кетсек, бір ай бұрын елімізде шағын, орта және ірі бизнес үшін берілетін кредитке кепілдік беретін бірнеше қор құрылатыны туралы хабарлаған едік