Бұл туралы бизнесті қолдау мәселелері бойынша өтіп жатқан Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдың 1-ші қаңтарынан бастап үш жылға шағын және микрокәсіпкерлікке тексеру және профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий енгізілгенін білесіздер. Сонымен қатар жылдың соңына дейін бизнестің барлық санаттағы субъектілері үшін жаңа жоспарлы салықтық тексерулер жүргізілмейді», - деді Руслан Дәленов.
Оның айтуынша, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін кәсіпкерлердің «адалдық» презумпциясы қолданыста. Бұл заңнамадағы әртүрлі түсініктерді адал кәсіпкерлердің пайдасына қолдануға мүмкіндік береді.