Қазақстанда блокпостардан фермерлердің кедергісіз өтуі қамтамасыз етіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көктемгі егіс жұмыстарын өткізу қажеттігіне байланысты фермерлерге блокпостардан еш кедергісіз өту мүмкіндігі беріледі. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімдіктері ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің, ауыл шаруашылығы техникасы мен тауарлық-материалдық заттарды жеткізушілердің еш қиындықсыз қозғалысын қамтамасыз ету бойынша тиісті алгоритмді дайындады. Облыс әкімдіктері өңір аумағындағы қозғалысқа рұқсатнаманы алудың электрондық порталдарын әзірлеп, іске қосты», - делінген министрлік мәліметінде.

Рұқсат алу үшін кәсіпорын қызметкерінің, көліктің деректерін және қозғалыс үшін негіз болған мәліметті көрсете отырып, электрондық форматта өтінім беріледі.

«Аталған өтінімге электрондық форматта кәсіпорын басшысы қол қояды. Осы құжат электрондық базаға енгізіліп, автоматты түрде барлық блокпостарға жеткізіледі, сондай-ақ блокпостардан өтуге рұқсат етіледі. Көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы жүргізудің маңыздылығын ескере отырып, ауыл шаруашылығы таураларын өндірушілер үшін «жасыл дәліз» қағидаты бойынша жеңілдетілген бөлек тәртіпті бекітуді ұсынамыз», - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандары.

Ол үшін ұйымдастырылатын жұмыстың келесі тәртібін бекіту ұсынылды:

1. Көктемгі егіс жұмыстарын ұйымдастыру бойынша әрбір облыс пен ауданда жедел штаб құру;

2. Жедел штаб құрамына саладаға жауапты облыс, аудан әкімінің орынбасарын, ҚР АШМ Мемлекеттік инспекция комитеті мен Ветеринариялық бақылау комитетінің аумақтық инспекцияларын, ҚР ИИДМ Көліктік бақылаудың аумақтық инспекцияларын, ішкі істер органдарының басшылығын, денсаулық сақтау басқармаларының өкілдерін, халыққа қызмет көрсету орталықтары өкілдерін, сондай-ақ өңірлік кәсіпкерлік палатасы мен Қазақстан фермерлер одағының мамандарын енгізу;

3. Жедел штаб отырыстары күн сайын өткізілуі тиіс;

4. Жедел штаб аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорны басшыларының тізімін (жеке куәліктегі мәліметтерді белгілей отырып) бекітіп, бұл деректер блокпостарға тапсырылады;

5. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары басшылары өзінің қызметкерінің жеке куәлігіндегі мәліметтерін, сондай-ақ техниканың, жүк және жеңіл көліктің мәліметтерін, қозғалысқа себеп болған жағдайды көрсете отырып, белгіленген үлгідегі анықтама жазады. Сонымен қатар, кәсіпорын басшысы жұмысшыларды барлық қорғаныс заттарымен (медициналық маска мен қолғап және басқа да құралдар) қамтамасыз етуге кепілдік беруі тиіс. Індет жұқтыру жағдайы орын алса, медицина қызметкерлерін шақырту мен ұйымды карантинге жабу секілді шұғыл шаралар қабылдауға міндетті болады;

6. Блокпостарды кедергізі өту үшін жеке куәлік пен кәсіпорын басшысы қол қойған анықтама ұсынылады.

7. Жедел штаб көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге байланысты техника бөлшектерін, жанар-жағармай, минералды тыңайтқыш, агрохимия, ветеринарлық препарат жеткізушілерінің, сондай-ақ нотариалдық кеңсе мен өзге де ұйымдардың тізімін бекітеді.