Қазақстанда болашақта ең жоғары сапалы бензин құны 40 теңге ғана болуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда болашақта ең жоғары сапалы бензин құны 40 теңге ғана болуы мүмкін! Бұған еліміз инновацияның арқасында қол жеткізбек, деп жазады aikyn.kz.

Кеше Астанада ұйымдастырылған жиында Үкімет өкілдері мен отандық ғалымдар еліміздің жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыру барысында «ғылым мен өндірістің өзара әрекеттесуі» мәселелерін қарады.

Отырыста айтылғанындай, «Нұрлы жол» бағдарламасын ғылыми-техникалық қамтамасыз етуге, оның негізгі бағыттарына - көліктік-логистикалық, индустриялық және энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға Қазақстан ғалымдары кең ауқымда тартылатын болды.

- Біз 2014 жылы ғылыми зерттеу жұмыстарының бірінші циклын тамамдадық, ол үш жыл бойы жүзеге асырылған еді. Оның барысында бүкіл Қазақстан бойынша 1 мың 557 жоба, 49 ғылыми-техникалық бағдарлама аяқталды. Таяуда осы ғылыми-зерттеу жобаларының қорытындылары арнайы жинақ болып шығады. Онда әрбір жоба бойынша, инновациялық технологиясының артықшылықтары мен жаңалықтары, тиімділігі мен пайдасы жан-жақты сипатталады. Бұл жинақ-каталог барлық ірі компанияларға жолданады. Ендігі мақсат - ғылым мен бизнестің өзара ынтымақтастығының нақты тетігін іске қосып, біздің жобалардың нәтижелерін, жетістіктерін кәсіпорындарға ендіру, - дейді Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Амандық Төлешев.

БҒМ отандық ғалымдардың өнертабыстары мен жаңа технологияларына Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы да инвестор іздеуді жоспарлап отыр. «Мүдделі кәсіпорын-компанияларды тауып, олармен ғылыми әзірлемені ары қарай өндіріске қою бойынша келісімшартқа отырамыз. Біз 49 ғылыми-техникалық бағдарламаны әзір еттік, оларды өндіріске ендіруді мемлекет, бизнеспен «елу де елу» қағидаты бойынша қаржыландырады. Мұны Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік қарайды, осы мақсатта біз озық жобаларымызды соларға тапсырамыз» деді А.Төлешев.

Оның мәліметінше, бүгінде Қазақстанда ғылымға бөлінген 45 миллиард теңгедей қаржының тек 20 пайызы ғана «ғылыми-зерттеу және тәжірибелік конструкторлық әзірлемелерге» арна тартады екен. Министрлік бұл көрсеткішті арттырмақ ниетте.

Қазақстанның инновация саласы қазіргі кезде еңсесін тіктеп қана қоймай, әлемді мойындатуға, тәнті етуге құлаш ұруда. Мысалы, отандық фармакология саласының инновациялық өнімдері бірінен соң бірі жаһандық нарыққа шығуда. Олардың ішіндегі ең бір атақтысы - «Арглабин» болса керек. Қазақстандық бұл препараттың «ми рагын» емдейтінін беларусь медицина мамандары анықтап отыр.

- Біз өз зертханаларымызда іргелі зерттеулер жүргіземіз, сонымен бірге, отандық фармацевтикалық салаға инновациялық технологияларды ендіруге, бірегей дәрі-дәрмек түрлерін өндіруге бағытталған қолданбалы әзірлемелер жасаймыз, - деді «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің президенті, профессор С.Әдекенов. - Біз өзіміздің төл шикізатымызды пайдаланамыз.

Серғазы Әдекенов «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің» қолдауының арқасында «Арглабин» өмірге жолдама алғандығын жеткізді: «Осы ұлттық инновациялық қор қаржысына біз Қарағанды фармацевтикалық зауытының екінші кезегін салып, іске қостық. Бүгінде қанатымызды жайып, үшінші кезегін - «Саусалин», «Саусоколлин», «Атеролит» секілді өз зертханаларда әзірленген бір топ жаңа препараттар өндірісін қолға алдық. Бұл дәрі-дәрмектер клиникалық сынақтардан өтті. Денсаулық сақтау министрлігінде мемлекеттік тіркеу бойынша қорытынды кезеңдер аяқталды. Бұл дәрілердің бірінші партиясы ендігі клиникаға түсті».

Келер жылы отандық кәсіпорын қазақстандық осы жаңа дәрілерді жан-жаққа лек-легімен аттандыра бастамақ. Сұраныс қазірден түсуде екен: «Саусоколлин» гепатопротекторы мен паразиттерге қарсы «Саусалин» дәрісі үлкен, өнеркәсіптік партиялармен республикамыздың клиникаларына жеткізіледі. Біз солармен халықаралық нарыққа шығудамыз. Әсіресе, Чехия, Италия қазақстандық препаратқа қызығушылық білдіруде. Кеше Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілдері келді, қазір Қарағандыда», деді ол.

«Фитохимия» басшысы отандық фармацевтиканың бағын Еуразиялық одақ ашқалы отырғандығын айтты: «Өткен жылы біз «Арглабинді» Беларусьта тіркете алдық. Академик Иосиф Залуцкий бастаған беларусьтік әріптестеріміз қазақстандық препараттың емдік қасиеттерінің ауқымын кеңейтті: олар енді «Арглабинді» «ми рагын» емдеуде пайдалануда» деген С.Әдекенов фармацевтика саласын да инфрақұрылым бағыты бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасына қосуды сұрады.

Ал «Көмір химиясы және технология институтының» инновациялық өнертабысы бірер жылдан соң, мұнай-газ саласына бәсекелес бола бастауы ықтимал.

- Біз 2006 жылы Сарыадыр көмір кен орындарын сатып алдық, - деп хабарлады зерттеу орталығының технологиясын ілгерілетуші «Он-олжа» компаниясының директоры Марат Нәбиев.

- Сонда осы кеніштен өнімді, тиімді кәсіпорын жасау міндеті алдымызда тұрды. Біз ғалымдармен бірлесіп, «көмірден не жасауға болады?» деп ойластыра бастадық. Институт директоры Болат Тілеуханұлымен бірге Эстонияға барып, тақтатас-сланецтен бензин, дизельді отын және майлар алатын қондырғыны көрдік. Екі жылдай бұрын Оңтүстік Африкада болдым, «Сосол» компаниясы көмірден 106 өнім шығарады. Бір ғажабы, Оңтүстік Африка Республикасының бензин мен дизельді отынға деген қажеттілігінің 33 пайызын сол өтейді екен!

Қазақстандық өнертапқыштардың да мұраты биік. Әзірге олар тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғыны іске қосуға әзірлеуде. Ол күніне 800 келі көмірді өңдейді. «Бастапқыда көмірден газ-синтезін аламыз, ары қарай бензин мен дизельді отын шығарамыз. Бірден айта кетейік, оның өзіндік құны өте төмен болады: бензиннің литрі шамамен 42 теңге тұрады. Көмірден «арктикалық сападағы» дизель шығады: 70 градусқа дейінгі аязда да қатпайды. Осының арқасында Қазақстан қоғамдық көліктердің отынының қыста қатуы кесірінен жолаушыларымен бірге жолда қалуы секілді төтенше оқиғалар санын кеміте алады» деді Марат Әскенұлы. Ол алдағы жылдары Қазақстанда көмір-химиялық кешен құруды ойластырып жатқандарын жеткізді.

- Ең бастысы, біз әлемде бірінші болып ферроқорытпаларды балқыту үшін қажетті көмірлі-өнеркәсіптік өнімді ойлап таптық. Павлодарда жасалатын «президенттік қорытпа» - ферросили­киаллюминий біздің көмірден жасалады. Осы өнімнің арқасында павлодарлық зауыт 80 қабаттық «Әбу-Даби Плаза» құрылысы бойынша тендерді жеңіп алды: оның арматурасы сапасы жөнінен Ресейдікінен де, Лакшми Митталдың болатынан да, басқа бәсекелестерінен де үздік болып шықты! - деп мақтана мәлімдеді Марат Нәбиев.