Бір айда 153,8 мың жеңіл автокөлік, 9,9 мың жүк көлігі және 1,3 мың автобус тіркелген. Сонымен қатар 800 мотоцикл, 4,6 мың тіркеме және басқа да 1,8 мың көлік есепке алынған.
2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген көліктердің жалпы саны 6 миллион 140,7 мыңға жетті.
Олардың 83,9%-ы — жеңіл автокөліктер. Жүк көліктерінің үлесі — 8,1%, тіркемелер — 4,3%, автобустар — 1,5%, мотоциклдер — 1,2%. Қалған 1%-ы басқа көлік түрлеріне тиесілі.
Қазақстандықтар қандай отын түрін пайдаланады?
Елдегі көліктердің басым бөлігі бензинмен жүреді. Олардың үлесі — 79,9%. Дизель отынын пайдаланатын көліктер 7,5%-ды құрайды. Ал аралас отынмен жүретін көліктердің үлесі — 6,5%.
Газбен жүретін көліктердің үлесі әзірге 0,4% ғана.
Ал электр қуатымен жүретін көліктердің саны 43 056-ға жетті. Бұл елдегі барлық тіркелген көліктің 0,7%-ы.
Электромобильдер қай өңірлерде көп?
Электр қуатымен жүретін көліктер саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда 22 065 электромобиль тіркелген.
Өңірлер арасындағы көрсеткіш төмендегідей:
- Алматы қаласы — 22 065;
- Астана қаласы — 3 662;
- Алматы облысы — 3 120;
- Ақмола облысы — 1 805.
Осылайша, Қазақстандағы электромобильдердің жартысынан астамы Алматы қаласында тіркелген.
Айта кетейік, елімізде жұмыспен қамтылғандар саны 73 мың адамға артты.