Қазақстанда бір күнде 4 орман өрті тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM – 9 шілде күні Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында 4 орман өрті тіркелді, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

Өрт жағдайлары Павлодар облысында, Наурызым қорығында, «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде және «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында болған.

Өрт ошақтары «Қазавиаорманқорғау» РМҚК әуе патрульдеуі, ерте анықтау жүйелері және мемлекеттік орман күзетінің бақылауы барысында дер кезінде анықталды.

– Жедел әрекет ету нәтижесінде өрт ошақтары қысқа уақыт ішінде толық сөндірілді. Өртті сөндіру жұмыстарына мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК әуе өрт сөндіру десанттары, тікұшақтары және арнайы техника жұмылдырылды, – делінген хабарламада.

Мамандар өрт қаупі жоғары кезеңде азаматтарды, табиғат аясында демалушыларды және орман пайдаланушыларды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Айта кетейік, орман мен ұлттық парктерді өрттен қорғауға 16,9 млрд теңге бағытталды.