Қазақстанда бір күнде 4 орман өрті тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM – 9 қыркүйекте Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында төрт орман өрті тіркелді, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігі.

Фото: Экология министрлігі

Өрт ошақтары Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында анықталған.

Өрт ошақтарын «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның әуе және орман күзеті жерүсті патрульдеуі барысында анықтады.

Ақпарат түскен сәттен бастап өртті сөндіруге қажетті күштер мен құралдар жұмылдырылған.

– Өртті сөндіруге «Қазавиаорманқорғау» РМҚК тікұшақтары, мемлекеттік орман күзетінің және Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатысты. Мамандар өрттің одан әрі таралуына жол бермеді. Үйлесімді іс-қимылдың нәтижесінде өрт ошақтары жедел оқшауланды. Қазіргі уақытта бірқатар өңірде өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, – делінген ақпаратта.

Жағдай тұрақты бақылауға алынған.

Айта кетейік, Қостанай облысында 600 гектар аумақты шарпыған өрт сөндірілді.