Қазақстанда бір күнде бес орман өрті тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM – 28 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында бес орман өрті тіркелді, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігі.

Фото: Экология министрлігі

Ведомство мәліметінше, Жетісу облысында бір, Қостанай облысында екі өрт шыққан. Сондай-ақ «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде және «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде бір-бір өрт ошағы тіркелді.

Өрт ошақтары мемлекеттік орман күзетінің жерүсті патрульдеуі және ерте анықтау жүйелері арқылы дер кезінде анықталған.

– Өрт тіркелген сәттен бастап орман күзетінің қызметкерлері, қажетті күштер мен арнайы техника жедел жұмылдырылды. «Казавиаорманқорғау» РМҚК-ның су төгу құрылғысымен жабдықталған тікұшағының қатысуымен өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жүргізілді, – делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, өрттің одан әрі таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті шара қабылданған. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты бақылауда.

Өрт қаупі жоғары кезеңде азаматтарға табиғат аясында демалған кезде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.

Айта кетейік, кеше екі орман өрті тіркелген болатын.