Қазақстанда бір тәулікте найзағай салдарынан 55 орман өрті шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірнеше өңірінде бір тәуліктің ішінде найзағай разрядтарынан 55 орман өрті тіркелді. Өрт ошақтары 20 шілде күні мемлекеттік орман қоры аумағында пайда болған.

Фото: Pixabay.com

Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәліметінше, бұған еліміздің аумағынан өткен найзағайлы фронт себеп болған. Табиғи құбылыс салдарынан найзағай соққылары көптеген аумақта бір мезетте өрт шығуына әкелген.

Өрттердің басым бөлігі «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында тіркелген — 41 жағдай. Сонымен қатар «Ертіс орманы» МОТР-да — 9, Шығыс Қазақстан облысында — 3, «Наурызым» мемлекеттік табиғи қорығында және «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде бір-бірден орман өрті болған.

Ведомствоның мәліметінше, қысқа уақыт ішінде ондаған өрт ошағының пайда болуы орман күзеті қызметкерлеріне үлкен сынақ болған. Дегенмен жедел әрекет ету мен үйлесімді жұмыстың арқасында барлық өрт дер кезінде анықталып, оқшауланған және толық сөндірілген немесе бақылауға алынған.

Өртті жою жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар және азаматтық қорғау қызметтері жұмылдырылған.

— Бір мезетте бірнеше өрт ошағының пайда болуына қарамастан, мамандардың үйлесімді іс-қимылы ірі орман өрттерінің таралуына жол бермеді, — деп хабарлады министрлік.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарындағы орман өрттері толық сөндірілгенін хабарлағанбыз.