Қазақстанда бір уақытта 4-5 жұмысты қатар істеуге болады

Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда бір мезетте бірнеше жерде жұмыс істеуге тыйым салынбаған. Бұл туралы заңгер Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.

— Еңбек кодексіне сәйкес, бір мезетте бірнеше жерде жұмыс істеуге болады. Қосымша жұмыс — бұл негізгі жұмыстан тыс уақытта еңбек шарты негізінде атқарылатын қызмет, — дейді Бауыржан Әбдімұратұлы.

Оның айтуынша, жұмыс уақытының да шегі бар.

— Негізгі жұмыс пен қосымша жұмыс уақытының жиынтығы күнделікті нормадан 4 сағат аспауы тиіс. Ал жалпы күнделікті норма — 8 сағат. Демек, барлығы қосылып, күніне 12 сағат қызмет етуге болады. Негізгі жұмысты 8 сағат істеу де шарт емес. 2 сағат, 3 сағаттан да атқара аласыз. Жалпы есептей келе азаматтардың дәл осылай 4-5 жерде жұмыс істеуге мүмкіндігі бар, — дейді маман.

Заңгер негізгі және қосымша жұмысқа қатысты еңбек шартын рәсімдеу тәртібін де түсіндірді.

— Екі жағдайда да еңбек шарты жасалады. Тек онда қайсысы негізгі, қайсысы қосымша екені нақты көрсетілуі тиіс. Қосымша жұмысқа орналасу үшін негізгі жұмыстан рұқсат алудың қажеті жоқ, бірақ негізгі орнынан анықтама талап етіледі, — дейді Бауыржан Әбдімұратұлы.

Алайда толық жүктемемен бірнеше жерде қатар жұмыс істеуге тыйым салынған.

— Егер негізгі жұмыс 8 сағаттық толық жүктемемен болса, қосымшаға тек 4 сағат қана арнауға болады. Бұл шектеу ең алдымен қызметкердің денсаулығын қорғауға бағытталған. Әрі жұмыс өнімділігі азаюы да мүмкін, — дейді ол.

Жалақы, салық және зейнетақы жарналары да заң бойынша реттеледі.

— Әрбір жұмыс беруші тиісті төлемдерді бөлек жасайды. Сондықтан бірнеше жерден табыс тапсаңыз да, әрқайсысы заңға сәйкес ұсталады, — дейді заңгер.

Алайда қосымша жұмыс істей алмайтын санаттар да бар.

— 18 жасқа толмағандар, денсаулығына зиянды жұмыстарды атқаратындар, мемлекеттік және арнайы құқық қорғау органдарының қызметкерлері қосымша жұмыс істей алмайды. Ал басқа азаматтарға еш шектеу жоқ, — деп түсіндірді Бауыржан Әбдімұратұлы.

Еңбек демалысына да заңда нақты талап қойылған.

— Қосымша жұмыс орныңыз негізгі жұмыстан берілетін демалыс кезінде сізге де демалыс беруге міндетті. Ол үшін құжатпен дәлелдеп, өтініш жазу жеткілікті, — дейді заңгер.

Еске сала кетейік, енді еңбек саласындағы харассмент жаңа деңгейде қаралады.